«Оқи да, жаза да алмаймын»: Алматы облысында 42 жастағы әйел алғаш рет партаға отырды
Өмірінде мектеп табалдырығын аттамаған әйел әліппені үйреніп жатыр
Талғат Кәстекбаев пен Жаңакүл Көшербаева Алматы маңындағы Шилікемір аулында тұрады. 3 баланың ата-анасы. Тұрақты мамандығы, жұмысы жоқ. Күндерін ілдәлдәлап көріп келе жатқан отбасы. Жоқшылықтың кесірінен жаңа жылдық демалысқа келген балалары интернатқа оқуға қайтадан бара алмаған.
Ал балалардың анасы 42 жасына дейін сауат ашып, әріп танымаған. Бұл туралы КТК арнасының «Дау-дамайсыз» бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңакүл 1981 жылы Жамбыл облысының Шу ауданында дүниеге келген. Шамамен 1988 жылы мектепке бару керек болған. Алайда белгісіз себептермен мектеп табалдырығын аттай алмаған.
Жолдасының айтуынша, Жаңакүл 7 жасында анасынан айырылған. Әжесі, әкесі мен өгей анасының қолында өскен. Сауаты жоқ, әріп танымайды.
«Егер мүмкіншілік болса, кешкі мектепте болса да оқыса екен», - дейді оның жары Талғат.
«Әріп танымаймын. Оқи да, жаза да алмаймын. Шыны керек, ешқандай әріп білмеймін. Әріп тану – менің өмірлік арманым. Қазір осының азабын тартып жатырмын. Қыздарым үшін де сауатты болғым келеді. Кезінде өзім оқымадым, ниет те болмаған шығар», - дейді Жаңакүл.
Ал бағдарлама жүргізушісі Гүлмира Әбіқай бұл мәселенің де шешімін тауып, Жаңакүлді оқу орталығының жетекшісіне тапсырды. Аталған орталық Жаңакүлді тегін оқытады. Өмірінде мектеп табалдырығын аттамаған 42 жастағы әйел алғаш рет партаға отырып, әліппені үйреніп жатыр.