Павлодар облысында құс еті қымбаттады
Былтыр өңір шенеуніктері құс етін молынан сатып алып сақтаймыз деп уәде берген
Павлодар облысындағы дүкен сөрелерінде құс еті азайып кетті. Қазіргі бар өнім өңір халқының 22,3%-ын ғана қамтуға жетеді. Сол себепті оның бағасы көтеріліп, келісі 1250 теңгеге дейін жеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Atameken Business арнасына сілтеме жасап.
Былтыр өңір шенеуніктері құс етін молынан сатып алып сақтаймыз деп уәде берген. Белгілі болғандай ондай сауда-саттық жасалмапты. Өйткені, сақтайтын орын жоқ. Бұрын Қызылжар құс фабрикасында сақтайтын. Кәсіпорын бір жыл бұрын «модернизация жасаймыз» деп өндірісін тоқтатқан. Әлі қайта іске қосылған жоқ.
«Біздегі басты проблема құс етін сақтайтын мүмкіндік жоқ. Өздеріңіз білесіздер, «Қызылжар-құс» фабрикасы өткен жылы жабылып қалды. Бұрын солардан сатып алатынбыз. Шығысқазақстандық, қазіргі Абай облысының өндірушілермен сөйлескенбіз. Бірақ, олар тоңазыған құс етін жеткізуден бас тартып отыр», - дейді «Павлодар» ӘКК АҚ басқарма төрағасының м. а Бек Оразғұлов.