ҰҚК еліміздің ірі қалаларына есірткі тарататын арнаның жолын кесті
Тінту барысында заңсыз айналымынан 103 келі синтетикалық есірткі алынды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан аумағына аса ірі көлемде синтетикалық есірткіні кіргізудің және сатудың тұрақты арнасын ұйымдастырған қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мефедрон» және «альфа-PVP» әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы саудаланған. Есірткі жасырын орындардың координаттарын беру арқылы бетпе бет кездесусіз алынып отырған.
«Жинақталған бұлтартпас айғақтардың нәтижесінде Шымкент және Қонаев қалаларында есірткі синдикатының ұйымдастырушысы мен үш көмекшісі ұсталды. Тінту барысында заңсыз айналымынан 103 келі синтетикалық есірткі алынды», - делінген комитет хабарламасында.
Адам өліміне әкеп соғатын «тауарды» Астана, Алматы, Қонаев, Көкшетау, Шымкент, Тараз, Қызылорда және Өскемен қалаларында тарату көзделген.
Қазіргі кезде есірткіні бизнесіне қарсы іс-қимыл жалғасып жатыр.