СҚО-да жоғалған 10 жасар бала екі тәуліктен кейін аман-есен табылды
Оқушыны іздеуге 200-ге жуық адам шыққан

Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында 200-ге жуық адам із-түссіз жоғалған 10 жасар баланы екі тәулік бойы іздеді. Оны табуға қызметтік ит көмектесті. Бұл туралы Azattyq Rýhy ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Баланың жоғалғаны туралы ақпарат 26 қаңтар күні белгілі болды. Іздеу шараларына полицейлерден бөлек, өрт сөндіру бөлімі, ТЖ бөлімі және аудан әкімдігінің қызметкерлері жұмылдырылды. Облыстық полиция департаментінен екі іздеу тобы көмекке келді. Сонымен қатар, іздестіру жұмыстарына Жасқайрат, Қайрат, Қулыкөл ауылдарының және басқа да ауылдардың тұрғындары көмек көрсетті.
27 қаңтар күні бала аман-есен бос тұрған үйден табылды. Бұл үйдің иелері жол жүріп кеткен. Оны аудандық полиция бөлімінің кинолог-инспекторы Нұрлан Жауар Цефей есімді неміс овчаркасының көмегімен тапты.