Еділ Жаңбыршин: «AMANAT» жұмыс форматын толық өзгерткен
Ол партия мүшелері де жұмыс істеу принциптерін өзгерткенін айтты

«AMANAT» партиясының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымының депутаты Еділ Жаңбыршин тележүргізуші Нұрсұлтан Құрманға берген сұхбатында партия мүшелерінің елмен етене жақын жұмыс істейтінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Кешегі болған «Қаңтар оқиғасынан» басқа, Қостанайда өрт болды, Екібастұзда қала қатып қалды. Міне, бүкіл өңірді аралап, шауып жүрген «AMANAT» партиясының мүшелері болды. Әсіресе, мына Мәжілістегі фракцияның мүшелері. Олар сол жерге еріктілерді жинап, көмегін апарып, азық-түлік түрінде болсын, ақшалай болсын, қол ұшын беріп, сол жердегі билікпен сөйлесіп, өздерінің ұсыныстарын айтып, өте белсенді жұмыс істеді. Бұл республикалық деңгейде ғана емес, жергілікті жерде де осындай жұмыстар атқарылды», - дейді Жаңбыршин.
Оның пайымынша, қазір партия мүшелері де жұмыс істеу принциптерін өзгертті және қалай болғанда да, сайлау, яғни үгіт-насихат кезінде олардың белсенділігі артады.
«Мысалы, Самат Базарбайұлы (ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымының депутаты Самат Мұсабаев) екеуміз елге барған кезде, Маңғыстау облысындағы елді мекендердің 85-90 пайызын аралаппыз. Кейбір елді мекендерге әрине жете алмадық, өйткені, уақыт тапшы. Өңірлерді аралауға он күндей ғана уақыт береді, біз күні-түні жұмыс істейміз. Екі жылдың ішінде бес мыңнан астам сайлаушымен кездескен екенбіз», - дейді Жаңбыршин.