Атырау облысында былтыр 700-ден астам интернет алаяқтық іс тіркелді
Биыл аталған қылмыс түрі 10%-ға өскен
Былтыр тіркелген 720-дан астам интернет алаяқтық істің қазір 130-ы ашылып, тергеу жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Azattyq Ruhy atpress.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы Атырау облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Закарьян Разгалиев мәлім етті. Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, өткен жылмен салыстырғанда биыл аталған қылмыс түрі 10%-ға өскен. Бұған тұрғындардың сенгіштігі себеп екен.
«Былтырғы деректердің көпшілігі тауарды онлайн сатып алу және онлайн несие рәсімдеуге қатысты болған. Былтыр интернет-алаяқтардың саны 9,7%-ға өссе, биыл 10%-ға артып отыр. Бүгінде банк немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан қоңырау шалып, несие рәсімдейтіндер көбейіп тұр. Былтыр осындай 70-тен астам қылмыс тіркелді», - деді З.Разгалиев.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Атырау қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бастығы Асланбек Қабесов алаяқтардан сақтанудың негізгі жолдарын айтып берді.
«Сізге қоңырау шалып, бірден ақша жайында сөз қозғаған адамға (ол өзін кім болып таныстырса да) сенбеңіз. Бейтаныс адамның айтқанын орындамаңыз, әсіресе оған өзіңіз туралы ақпарат бермеңіз. Күмән туғызатын қосымшаларды жүктемеген жөн. Дербес және төлем деректерін ешкімге бермеу керек. Сонымен қатар, бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, төлем жасауға немесе белгілі бір сайтқа өтуге ұсыныс білдірсе, асықпай ойлану қажет», - деді А.Қабесов.
Сондай-ақ, банк саласын жақсы білетін мамандардың кеңесіне жүгіну керек. Банктің байланыс орталығына немесе жоғарыда аталған агенттіктің call-орталығының «1459» нөміріне қоңырау шалуға болады.