«Байланыс кейде ірі қалаларда да болмайды»: Смайылов Мусинге проблеманы шешуді тапсырды
Премьер қазір бәрін ұялы телефон арқылы жасауға болатынын, бірақ интернет бола бермейтінін айтты
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов министр Бағдат Мусинге бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Қазақстандықтардың интернеттің сапасыздығы мен ұялы байланыспен қамтамасыз етілуіне қатысты наразылығы мен шағымын көріп отырсыздар. Жақсы байланыс кейде тіпті, ірі қалаларда да болмайды. Қазір бәрін ұялы телефонның көмегімен жасауға болады, бірақ кейде интернеттің болмауына байланысты оны жасау мүмкін емес. Бұл мәселені шешу керек», - деді ол.
Смайылов атағандай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сапалы ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету барлық қала мен аудан орталықтарын, сондай-ақ республикалық және негізгі облыстық автожолдарды қамтуы тиіс.
«Цифрлық даму министрлігі ұялы байланыс пен интернеттің қолда бар қамтуына талдау жүргізуі қажет. Қажетті іс-шаралар әзірленіп жатқан қолжетімді интернет ұлттық жобасы аясында қабылдануға тиіс. Сонымен қатар бүгінгі таңда 5G ұялы байланысын енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде, интернеттің бұл түрімен бірінші кезекте республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарын қамту жоспарланып отыр. Тиісті жұмыс 2027 жылы аяқталуы керек», - деді Премьер-министр.