«Басты мақсатымыз – қоғамда өркениетті саяси дәстүр орнықтыру»: Тоқаев Сенат отырысында сөз сөйледі
Президент конституциялық реформа саяси жүйені эволюциялық жолмен дамытуға жол ашқанын айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Парламент Сенатының отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Өздеріңізге мәлім, еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Былтыр конституциялық реформаны қолға алдық. Ата заңға аса маңызды өзгерістер енгіздік. Қараша айында Президент сайлауы өтті. Жуырда Сенат депутаттарының бір бөлігі сайланды. Сонымен қатар, менің Жарлығыммен бірнеше сенатор тағайындалды. Осымен Сенаттың құрамын жаңғырту үдерісі аяқталды. Депутаттардың жартысына жуығы жаңарды. Мұнда әр аймақтың, соның ішінде жаңадан құрылған облыстардың өкілдері бар. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне арнайы квота берілді. Осылайша, Сенатта түрлі санаттағы қоғам өкілдері барынша қамтылды.
Жалпы, бұл Палата мемлекеттік басқару саласында айрықша рөл атқарады. Оған Конституцияға сәйкес маңызды міндеттер жүктелген. Заң шығару қызметін сапалы атқару үшін барлық жағдай жасалған. Палата өз жұмысын абыроймен атқарып келе жатыр. Сенаторлар ауқымды реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысты. Осы орайда, баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа депутаттар Сенаттың қызметіне тың серпін береді деп сенемін», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түскеніне тоқталды.
«Бұл реформалар билік институттары жүйесінің тепе-теңдігін қалыптастырады. Елдегі саяси үдеріске азаматтардың қатысуына жол ашады. Сондай-ақ, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыра түседі. Біздің осы бастамаларымызға қоғам өкілдері қолдау білдірді. Ауқымды жаңғырту жұмысын жүргізуге мүмкіндік туды. Соның арқасында бірнеше жылда айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік. Бірақ, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алда әлі ауқымды жұмыс бар.
Басты мақсатымыздың бірі – қоғамда өркениетті саяси дәстүрді орнықтыру. Ол үшін жоғары саяси жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Онсыз тұрақты әрі жан-жақты даму мүмкін емес. Референдумда халықтың қолдауына ие болған конституциялық реформаны жаңа саяси дәуірдің бастауы деуге болады. Бұл өзгерістер еліміздің саяси жүйесін эволюциялық жолмен дамытуға жол ашты. Әділдік, ашықтық және шынайы бәсеке реформалардың негізгі арқауына айналды», - деді Мемлекет басшысы.
Осылай деген Президент жақында ғана Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау науқаны өз жұмысын бастағанын, бұл негізгі мемлекеттік институттарды кешенді түрде жаңғыртудың соңғы сатысы болатынын айтты.
«Мәжіліс пен мәслихаттардың аралас моделін қалыптастыруға көшіп жатырмыз. Барлық әлеуметтік топтың мүддесін қорғау тұрғысынан мұның мәні зор. Бұл өзгеріс өкілді билік тармақтарының барлық деңгейіне айтарлықтай ықпал етеді. Соңғы жылдары жүргізілген саяси өзгерістер, сайлау заңнамасын мақсатты түрде либералдандыру Қазақстанда партия құру ісіне тың серпін берді. Ұзақ уақыттан бері елімізде алғаш рет бірнеше жаңа партия ресми түрде тіркелді. Аталған деректі аралық қорытынды ретінде атап өтуге болады. Бұл – алға қарай жасалған маңызды қадам», - деді ол.