Макеевкадағы қырғын: қаза болған Ресей әскерлерінің аты-жөні анықталды
Жарылыстан өліп кеткен ресейлік сарбаздардың саны 92-ге жетті
Донецк маңындағы Макеевкада қаза тапқан әскерлердің есімдерін жариялауды талап еткен ресейліктер 55 мың адамның қолы қойылған петиция жинады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
BBC агенттігінің хабарлауынша, Украина әскерлері казарманы жарып жібергенде өліп кеткен ресейлік сарбаздардың саны 92-ге жетті. Алайда бұл сан Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінен тағы үш адамға артық болып шықты.
Халықтың талабы күшейген соң қаза тапқан 92 ресейлік әскери адамның аты-жөні жарияланды. Бірақ тізімді еріктілер тобы шығарған. Одан бөлек, тағы кем дегенде 16 әскери өлгендердің де, тірілердің де арасынан табылмай отыр. Мобилизация кезінде соғысқа алынған жігіттің бірі – Михаил Сергеев. Оның туыстары қаңтардағы қырғыннан соң барлық инстанцияға ұлдары туралы ақпарат алу үшін үндеу жазды. Мемлекеттен жауап ала алмаған әйелдер көріпкелдерге жүгініп жатыр.
«Сергеев Михаил Михайлович 2023 жылдың 1 қаңтарында Макеевкадағы әскери казарманы атқаннан кейін жоғалып кетті. Ол тірі ме? Қай ауруханада? Егер тірі болмаса, онда дене мәйітханада ма? Ол бар ма?», - деп жазды сарбаздың туыстары.
Обшаровка ауылдық елдімекенінің әкімшілігі Михаилдің қайтыс болғанын хабарлады. Қаза тапқандар туралы мәліметтер әлі де жабық күйінде қалып отыр. Өлген солдаттардың тізімі еріктілер тобының араласуымен жарияланған.
Айта кетсек, Ресей әскери күштері орналасқан Макеевкадағы әскери казармаға соққы 1 қаңтарға қараған түні болды. 4 қаңтарда Ресей Қорғаныс министрлігі 89 адамның қайтыс болғанын растады және содан бері бұл жағдайға түсініктеме де бермеді. Украин жағы жүздеген адам қайтыс болғанын хабарлаған.
Қайтыс болғандардың толық аты-жөнін жариялауды талап еткен петиция қазірдің өзінде 55 мыңға жетті. Қаза тапқандар мен жараланғандардың көпшілігі – мобилизация кезінде соғысқа Самара облысынан жұмылдырылғандар. Бірақ Самара облысының әскери комиссары Андрей Водовин Макеевкада оққа ұшқандардың аты-жөнін беруден бас тартты.
Тақырыпқа орай: «400-ге жуық ресейлік әскер қаза тапты»: Ресейдің кезекті дрондарын Украина атып түсірді
Еске салсақ, Донецкдегі Ресей қарулы күштері бөлімшелеріндегі уақытша орналастыру пунктіне АҚШ-та жасалған HIMARS арқылы соққы берілді. Жаңа жыл қарсаңында өліп кеткен адамдар – 22 мен 48 жас аралығындағы жігіттер. Олар екі ай жаттыққан соң 26 желтоқсанда Донецкдегі әскери казармаға орналасқан. Арада төрт күн өткенде соғысқа қатыспай жатып түгелге жуық қаза тапты.
Қаза тапқан ресейліктердің тізімі мына жерден көре аласыз.