Бәсекелестік сайлау процесіне оң әсер етуі керек – сарапшы
Ол электоратты тартуда 7 саяси партия бәсекеге түсетінін айтты, сол сияқты сарапшы өз сөзінде бірқатар себепке байланысты 2023 жылғы парламенттік сайлау бұрынғыдан өзгеше өтуіне барлық негіз бар екенін айрықша атап өтті

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері Жанна Кәрімова алдағы сайлауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мемлекет басшысы, Парламент палаталары спикерлерінің және Премьер-министрдің Ақордада бірлескен талқылауының нәтижелері бойынша биылғы 19 наурызда ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу және тиісінше VII шақырылымдағы депутаттар корпусын тарату туралы шешім қабылданды», - деді Жанна Кәрімова.
Сарапшының айтуынша, бірқатар себепке байланысты 2023 жылғы парламенттік сайлау бұрынғыдан өзгеше өтуіне барлық негіз бар.
«Саяси реформалардың бірнеше пакетін жүзеге асыруға байланысты елдегі партиялық өрісті либералдандыруға бағытталған жаңашылдықтар күшіне енді. Атап айтқанда, саяси партияларды тіркеу шегі төмендетілді (20 мыңнан 5 мыңға дейін). Мұндай жағдайда парламенттік сайлау басталғанға дейін екі саяси бірлестік: Айдарбек Қожаназаровтың төрағалығымен Respublica партиясы және «Байтақ» қазақстандық жасылдар партиясы» ресми тіркеуден өтіп үлгерді», - деді ол.
Кәрімова атағандай, партиялық-саяси ландшафта белгілі бір сайлаушылар үшін бәсекелестікке 7 саяси партия түседі.
«Қазақстан үшін «жасылдар партиясының» жаңа күн тәртібін ескере отырып, ол экология мәселесі өткір, күн тәртібінде тұрған қалалар мен индустриялық өңірлерде шоғырланған еркін электораттың мүддесін тарту ықтималдығы жоғары. Өз кезегінде Respublica партиясы «Ақ жол» және «AMANAT «партияларымен бәсекеге түсетін күн тәртібін ұсынады. Бұл тұрғыда сау бәсекелестік сайлау процесіне оң әсер етуі керек», - деді ол.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы жетінші шақырылымдағы Мәжілісті тарату және депутаттардың кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы шығарды. Мемлекет басшысы 2023 жылғы 19 наурызға Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын белгіледі.
Өз кезегінде ОСК мәлихат депутаттарын сайлау күні де 19 наурызға белгіленгенін хабарлады.