Украинадағы соғыстың кесірінен бес миллионнан астам бала оқуын тоқтатты - ЮНИСЕФ

Көптеген ата-аналар қауіпсіздік мақсатында балаларды мектепке жіберуден бас тартады

Украинадағы соғыстың кесірінен бес миллионнан астам бала оқуын тоқтатты - ЮНИСЕФ
Фото ашық дереккөзден

Халықаралық білім беру күнінде ЮНИСЕФ тағы да дабыл қағып отыр. Украинадағы соғысқа байланысты бес миллионнан астам бала оқуын тоқтатты. Көптеген ата-аналар қауіпсіздік мақсатында балаларды мектепке жіберуден бас тартады. Электр қуатының үзілуіне байланысты онлайн оқыту кейде мүмкін емес, деп хабарлайды Azattyq Ruhy euronews.com-ға сілтеме жасап.

Украин балаларының өзге елде де оқуы қиын. Үш босқын баланың екеуі оларды қабылдайтын елде оқи алмай отыр екен.

«Бүкіл ұрпақтың болашағына қауіп төндірмей, балалардың білімін кейінге қалдыру және басқа да басым міндеттерді шешкеннен кейін оған қайта оралу мүмкін емес» , - деп атап өтті ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Афшан Хан.

Украинада мыңдаған оқу орындары қирады. ЮНИСЕФ азаматтық нысандарға, соның ішінде балалар мен отбасылардың өмірі тәуелді энергетикалық инфрақұрылымға жасалған шабуылдарды тоқтатуға шақырды.

ЮНИСЕФ босқындарды қабылдайтын елдерден украиндық балаларды барлық деңгейдегі ұлттық білім беру жүйелеріне біріктіруге басымдық беруді сұрап отыр әрі халықаралық қауымдастықтан балаларды оқыту мүмкіндігін қамтамасыз ету тұрғысынан қолдауды күшейтуді талап етеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.