Алматының тоз-тозы шыққан инфрақұрылымын жаңғыртуға қанша жыл қажет?

Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы айтты

Алматының тоз-тозы шыққан инфрақұрылымын жаңғыртуға қанша жыл қажет?
Фото: Azattyq ruhy

Алматыдағы су, жылу, электр желілерінің тең жартысынан астамы ескірген. Желілердің тозуы 6 жылдың ішінде 15 пайызға дейін жақсарады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Әсел Буденеева айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Әсел Буденееваның сөзінше, қалада табиғи монополиялар мен негізгі қорлар желілері субъектілерінің тозуы айтарлықтай жоғары. Сумен жабдықтау және су бұру салаларында 50%-дан астам, жылу және электрмен жабдықтау салаларында 60%-дан астам. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2029 жылға қарай желінің тозуын 15%-ға азайтуға қол жеткізу жоспарланып отыр.

Спикер тарифке әсер етуді бағалау салаға байланысты екенін түсіндірді. Мысалы, сумен жабдықтау және су бұру салаларында тарифке қосымша инвестициялардың үлкен әсері болады деп болжанған. Өйткені «Алматы су» МКК ШЖҚ тарифтері тек Алматыда ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша ең төменгілерінің қатарында екенін айтты. 

«Қазіргі уақытта жылумен жабдықтау және суды тазарту салаларында бір шақырым желіні жөндеудің құны электр энергиясын тасымалдау саласына қарағанда әлдеқайда жоғары екенін байқап отырмыз. Осылайша, әрбір саладағы тарифке жеке әсер етеді. Жүргізіліп жатқан реформалардан максималды нәтиже алу үшін бірқатар мемлекеттік монополистерді бір органға біріктіруді көздейтін монополистердің қызметін реттеу тәсілдерін өзгерту қажет, бұл операциялық шығындарды оңтайландырады және инвестициялық тартымдылықты арттырады», – деді Әсел Буденеева.

Оның айтуынша, жылу және сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін дамыту үшін қаржыландырудың нарықтық тетіктеріне тиімді көшу арқылы бюджеттік субсидиялардан кезең-кезеңімен бас тарту қажет.

Бұл шараларға шығындарды оңтайландыру, инвестициялық тартымдылықты арттыру және тарифтер деңгейін қайта қарау арқылы қол жеткізілетін болады.

Әсел Буденеева тарифтердің негізсіз өсуіне жол берілмейді, тарифтердің өзгеруінің әрбір жағдайы үшін әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, монополистердің қызметіне жеке бағалау жүргізілетін болады деп отыр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елімізде электрмен жабдықтау желілерінің үштен екісі, жылу коммуникацияларының 57 пайызы және сумен жабдықтау желілерінің жартысына жуығы тозығы жеткенін айтқан болатын.

Президент монополиялық нарықтарда "инвестицияға айырбас тарифі" жаңа тарифтік саясатына көшу қажет. Желiлер мен қуаттардың тозуы кемiнде 15 пайызға азайтылуы керек екенін айтқан еді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.