6 ай бойы АӘК алып келген аналарға өздерін банкротпыз деп жариялауға мүмкіндік беріледі
3 наурыздан бастап борышкерлер банкроттықтың үш процедурасының бірін қолдана алады
Өзін соттан тыс банкротпыз деп 5 жылдан астам берешегін өтемеген азаматтар мен алты ай бойы әлеуметтік көмек алушылар жариялай алады. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша МКД басшысының орынбасары Заңғар Шындали Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Борыш сомасына қарай борышкерлерге банкроттықтың үш рәсімінің бірі – сот банкроттығы, соттан тыс және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру қолданылады.
Барлық үш процедураны тек борышкердің өзі анықтайтайды, яғни несие берушінің борышкерге қатысты аталған процедураларды қолдануға құқығы жоқ.
Мәселен, алғашқы түрі - соттан тыс банкроттық. Ол банктер, МҚҰ және коллекторлық агенттіктер алдындағы 1600 АЕК-тен (5,5 млн теңге) аспайтын, 12 (қатарынан) ай ішінде өтелмеген борыштар бойынша ғана қолданылады. Сондай-ақ, келесі шарттар сақталады:
- ортақ меншіктегі мүлікті қоса алғанда, мүліктің меншік құқығында болмауы;
- борышкерге қатысты өтініш берілген күні 7 жыл ішінде соттан тыс немесе сот банкроттығы рәсімдері қолданылмаған;
- борышкер мерзімі өткен берешекті реттеу бойынша шаралар қабылдады.
Десе де, сала мамандары бұл шарттардың кейбір борышкерге қатысы жоқ екенін айтады.
«Соттан тыс банкроттыққа 5 жылдан астам берешегін өтемеген тұлғалар да жүгіне алады. Алты ай бойы әлеуметтік көмек алушы болып табылатын борышкер осы рәсімді қолдануға өтініш бере алады», - деді Алматы қаласы бойынша МКД басшысының орынбасары Заңғар Шындали.
Айта кетейік, соттан тыс банкроттықты Мемлекеттік кірістер органдары қарайды.
Кредиторлар тізбесін, берешек сомасын, сондай-ақ банкпен немесе микроқаржы ұйымдарымен борышты реттеу туралы құжаттарды қоса бере отырып, "электрондық үкімет" порталы, "E-salyg Azamat" мобильді қосымшасы арқылы өтініш беру арқылы іске асырылады.
Ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіріс критерийлеріне сәйкестігі тұрғысынан мүдделі мемлекеттік және өзге де органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі.
Екінші түрі - сот банкроттығы. Оны 1600 АЕК-тен астам борышы бар азаматтар қолдана алады.
Сот банкроттығының мақсаты банкроттың мүлкі есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру.
Сот банкроттығы процесінде кредитордың тек кепілді мүлікті, оның ішінде жалғыз тұрғын үйін алып қоюға құқығы бар.
Осы рәсімді қолдану барысында борышкерге төмендегілер тыйым салынады:
- мүлікті иеліктен шығару немесе жаңа міндеттемелер қабылдау бойынша мәмілелер жасау (қарыздар алу, кепілдіктер мен кепілгерліктер беру);
- шетелге шығу.
Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары (заңды тұлғалар мен ЖК банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер; кәсіби бухгалтерлер; заң консультанттары; аудиторлар) жүргізеді.
Қаржы басқарушыларының қызметтері ақылы және қызметтерге ақы төлеу борышкердің мүлкі есебінен жүргізіледі (айына 1 ЕТЖ, 2023 жылы – бұл 70 мың теңге), мүлкі жоқ халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдар үшін қаржы басқарушыларының қызметтері тегін болмақ.
Үшінші түрі - төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Ол тұрақты табыс болған жағдайда 5 жылға дейін қарызды бөліп төлеу мүмкіндігін береді.
Борышкер үшін жалғыз шарт - қарыз мөлшері қарыз алушыға тиесілі мүліктің құнынан аспауы керек.
Бұл процедураның артықшылығы одан кейін жеке тұлға «банкрот» мәртебесіне ие болмайды, сондықтан оған банкрот үшін көзделген салдарлар қолданылмайды, сондай-ақ шетелге шығуға шектеулер жоқ.
Сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қаржы басқарушысы жүзеге асырады және сот арқылы орындалады.
Борышкер төлем қабілеттілігін немесе сот банкроттығын қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы өтінішті тұрғылықты жері бойынша сотқа жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында береді.
Сонымен қатар, банкрот деп тануға шешім қабылдаған азаматтардың бірқатар салдары болуы мүмкін екенін атап өткен жөн, мысалы:
- 5 жыл ішінде ломбардтардан, микрокредиттер басқа қарыздар мен кредиттер алуды шектеу;
- қайта банкроттық 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады;
- банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу.
Соттан тыс немесе сот банкроттығы рәсімдері қолданылғанға дейін үш жыл ішінде мүлікті жасырған немесе жойған кезде және егер қасақана банкроттық фактілері болса, онда банкроттық статусы алынып тасталынады. Яғни, борышкер кредиторлар алдындағы қарызын өтеуге міндеттеледі.