Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауға 7 партия қатысады
Қазіргі уақытта Қазақстанда 7 саяси партия тіркелген және жұмыс істеп отыр
Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауға қатыса алатын партиялар тізімін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сайлау туралы конституциялық заң талаптарына сәйкес, партиялық тізімдер бойынша 70 пайызы сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығы тек саяси партияларға ғана тиесілі.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда 7 саяси партия тіркелген және жұмыс істеп отыр. Олар: «Қазақстанның Халық партиясы» - 2002 жылы сәуір айында тіркелген; «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 2000 жылы наурыз айында тіркелген; «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 2007 жылы қаңтар айында тіркелген; «AMANAT» партиясы – 1999 жылы ақпан айында тіркелген; «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы – 1999 жылы ақпан айында тіркелген; «Байтақ» Қазақстандық жасылдар партиясы – 2022 жылы қараша айында тіркелген; «Республика» партиясы – 2023 жылы қаңтар айында тіркелген. Барлық аталған саяси партиялардың Жарықтарында партия Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсынуға құқылы екені көзделген», - деді ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта аталған саяси партиялардың қызметін тоқтата тұру, қайта ұйымдастыру немесе тарату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ.
Саяси партиялар партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшесі емес адамдарды кіргізе алмайды. Бұл ретте, партиялық тізімге енгізілген адам бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша ұсыныла алмайды.
«Партиялық тізімдер бойынша саяси партиялар осы шақырылымда мандаттар санының 50% мөлшерінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астана мәслихаттарының депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсына алады. Ол үшін Сайлау заңының 103-бабының 4-тармағына сәйкес, саяси партияның тиісті филиалының жоғары басшылығының шешімі азаматтың партиялық тізімге енуіне келісім беру туралы өтінішімен бірге беріледі», - деді Алма Мұқанова.
Қазіргі таңда 6 саяси партияның құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) тіркелген, оның ішінде бес саясы партияның барлық 20 өңірлерде құрылымдық бөлімшелері бар.