Қазақстандықтар былтыр қаржы пирамидаларына 8 млрд теңгеден астам қаржы құйған
Жыл өткен сайын қаржы пирамидаларының саны да, зияны да азайып келеді

Өткен жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында Қазақстанда қаржы пирамидаларын құру мен басқарудың 127 дерегі тіркелген. Зардап шегушілерге келген жалпы шығын 8,1 млрд теңгені құраған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агентігі Ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Сарапшылардың айтуынша, 2021 жылдың 11 айымен салыстырғанда мұндай жағдайлардың саны 24,8%-ға, ал одан зардап шеккендер саны 1200-ден 625 адамға азайды. 2021 жылы республикада қаржы пирамидаларынан келген шекті шығын 33,3 млрд теңгені құраған болатын.
«2022 жылдың қаңтар-қараша айларында зардап шеккендер шығын сомасының 4 пайызын, яғни 325 миллион теңгені қайтарып үлгерді. Алдыңғы үш жылда бұл көрсеткіш пайыздың аз ғана бөлігін құраған», - делінген зерттеуде.
Қаржы пирамидалары бойынша сотқа жеткен қылмыстық істердің саны 229-дан 92-ге қысқарған.
«ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында сенім білдірген азаматтар алаяқтарға 8,11 млрд теңге берген. Оның ішінде соманың төрт пайызы ғана, яғни 325 миллион теңгесі қайтарылды», - дейді сарапшылар.