Непалдағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың бірі Қазақстанда тұрған және аяғы ауыр болған
Бортында 72 адам болған ұшақ 15 қаңтарда апатқа ұшыраған болатын
Непалдағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың бірі Қазақстанда тұрған және аяғы ауыр болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ақпараттық агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Непалда ұшақ құлаған жерде адамдарды іздестіру жұмыстары әлі жүріп жатыр. Әзірге төрт жолаушы туралы ештеңе белгісіз. Қазірше 68 мәйіт табылды. Бортта 72 адам болған. Олардың төртеуі – экипаж мүшелері. Тасымалдаушы өкілдерінің айтуынша, ешкім тірі қалмаған.
Еске салайық, Yeti Airlines компаниясының ATR 72 жолаушылар ұшағы 15 қаңтарда, жексенбі күні таңертең апатқа ұшыраған болатын. Лайнер Катмандудан Похараға бет алған. Қону кезінде ұшақ өртеніп, өзен шатқалына құлаған. Зардап шеккендерді іздестіру адам аяғы жете бермейтін жерде болғандықтан қиындап кеткен.
Жолаушылар арасында Непал, Үндістан, Корея, Англия, Франция, Аргентина тұрғындары, сондай-ақ төрт ресейлік бар.
Ресей азаматы Елена Бандуро кейінгі уақытта Қазақстанда тұрып, сәби күтіп жүрген. Төтенше жағдайдың себептерін арнайы комиссия белгілейді.