Жылумен қамтамасыз ету: Жеңіс Қасымбек елордада атқарылып жатқан шаруалар туралы айтты
Елордада ЖЭО-2-де 7 және 8 қазандықтың құрылысын жобалау ісі жүріп жатыр
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жылумен қамту мәселесі жөнінде атқарылып жатқан шаруалар туралы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қаламызды жылумен ЖЭО-1 және ЖЭО-2 қамтамасыз етеді. Осы жылу электр орталықтарына жаңғырту жұмысын жүргіземіз. Сонымен ЖЭО-2-де 7 және 8 қазандықтың құрылысын жобалау ісі жүріп жатыр. Бұл қазандықтар сағатына қосымша 360 гигакалория қуат береді. Сондай-ақ ЖЭО-2 турбинасын жаңғыртуды жоспарлап отырмыз, ол электр қуатын 35 мегаваттқа арттырады.
ЖЭО-1-де үш газ-мазутты қазандығы газға ауыстырылды, өсім – 50 гигакалория, бұдан өзге түтін құбырын ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар ЖЭО-1 және ЖЭО-2-дегі барлық су жылыту қазандығы газға ауыстырылды.
Сондай-ақ келесі жылыту маусымына дейін ЖЭО-3 және екі газ жылу станциясын қолданысқа беруді тапсырдым. Бұл шаралар жылумен жабдықтаудың қазіргі қуатын едәуір арттыруға әрі құрылысы жүріп жатқан аудандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді», — деп жазды елорда әкімі.