$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«AMANAT» кеңсесінде жол қауіпсіздігіне бағытталған Vision Zero тұжырымдамасы таныстырылды

Vision Zero – жолдардағы өлім-жітімді нөлдік деңгейге жеткізу тұжырымдамасы

«AMANAT» кеңсесінде жол қауіпсіздігіне бағытталған Vision Zero тұжырымдамасы таныстырылды
Фото: РИА «Новости»

«AMANAT» партиясы Орталық аппаратының кеңсесінде Қазақстан жолдарындағы жарақаттану мен мүгедектікті азайтуға бағытталған Vision Zero жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру тұжырымдамасының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 16 мың жол-көлік оқиғасы (ЖКО) болады, онда орта есеппен 2000 адам қаза табады, 18 мың адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша ЖКО салдарынан өлім-жітім 100 мың тұрғынға шаққанда 12,2 адамға жеткен. Салыстыру үшін айта кетсек, бұл көрсеткіш Польшада – 5,9, Германияда – 3,1, Швецияда – 1,9 адам.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректері бойынша, елімізде 2022 жылдың 9 айында ғана 10,2 мыңға жуық апат болып, соның салдарынан 15 мыңнан астам адам зардап шекті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ЖКО-ның өсуі 8,9%-ын құрады. Оның ішінде 1,7 мың адам қайтыс болды (21%-ға өсті), оның 181-і – кәмелетке толмаған балалар, 457 әйел және 1258 ер адам бар.

ЖКО зардап шеккендер арасындағы кәмелетке толмағандар саны – 19,9% (3 007). Олар негізінен автокөлік құралдарының соқтығысуынан зардап шекті.

Сонымен қатар, 542 қоғамдық көліктің қақтығысуымен 532 ЖКО болған, соның салдарынан 70 адам қаза тауып, 783 адам жараланды.

«Азия даму банкінің» зерттеуіне сәйкес Қазақстанда жол апатынан келетін залал бір адам қайтыс болған жағдайда 113 млн теңгені және жарақат алған кезде 16 млн теңгені құрайды.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы жағдайды өзгерту үшін жол қауіпсіздігін арттыру бойынша түбегейлі шаралар қабылдау қажет. Атап айтқанда, Қазақстанда Vision Zero бағдарламасын қабылдау және енгізу ұсынылды, оның ішінде аса авариялық учаскелердегі жылдамдық режимін төмендету, көшелердің дизайны мен геометриясын өзгерту, қауіпсіздік аралдарын салу, қоғамдық көлік жүргізушілерін даярлау тәсілдерін өзгерту, трафикті тыныштандыру жөніндегі іс-шаралар және тағы басқалар бар. 

Іс-шараға жол қауіпсіздігі саласындағы сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, урбанистер, сәулетшілер, журналистер мен блогерлер қатысты.

Анықтама: Vision Zero – жолдардағы өлім-жітімді нөлдік деңгейге жеткізу тұжырымдамасы. Vision Zero бағдарламасы алғаш рет 1997 жылы Швецияда әзірленді және содан бері үнемі жетілдіріліп келеді. Швецияда жол-көлік оқиғаларының салдарынан болатын өлім-жітім 1997 жылы 100 мың адамға шаққанда 7 адамнан 2001 жылы 1,9 адамға дейін қысқарды. Бүгінгі таңда бағдарлама Лондон, Вашингтон, Торонто, Чикаго және т.б. сияқты әлемнің ең озық қалаларында жұмыс істейді.

Бағдарламаның негізгі қағидаcы – адам өлімімен аяқталатын жол-көлік оқиғаларын автомобилизацияға байланысты сөзсіз зұлымдық ретінде қарастыруға болмайды.Vision Zero адам өлімі мен ауыр жарақаттарды барынша азайтуға бағытталған. 

*2020 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясы «Жол қозғалысының жаһандық қауіпсіздігін арттыру» қарарын қабылдады. Бұл қағиданы «нөлдік төзімділік» қағидасы деп те атайды, оған сәйкес басты мақсат – жолдағы өлім-жітімді азайту.

Жоба Қазақстан БҰҰДБ мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Серіктес жаңалықтары