Газ баллондары жарылды: Ақтауда ТҚС қызметкері көз жұмды
Өрттің ауданы 50 шаршы метрді құрады
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше Техникалық қызмет көрсету станцияларының бірінде болған жарылыста бір әйел қаза тапты. Бұл туралы Azattyq Ruhy Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтауда 12 қаңтар күні сағат 18:20 шамасында өрт шығып, алты тұрмыстық газ баллоны жарылды. Қызыл жалынды сөндіру барысында өрт сөндірушілер тағы 17 газ баллонын шығарып үлгерді.
Өрт 18:48-де жойылды. Өрттің ауданы 50 шаршы метрді құрады.
«Оқиға барысында бір жұмыскер қайтыс болды, тағы үш адамды күйік шалып, Маңғыстау облыстық ауруханасына жатқызылды. Өрттің себебі анықталуда», - деп түсіндірді өңірдің ТЖД баспасөз қызметі.
Ведомствоның баспасөз қызметі 25 өрт сөндіруші-құтқарушы, алты өрт техникасы жұмылдырылғанын айтты. Бұл жерге Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері де қатысты.