Абай облысындағы мектептерде 9 мың оқушыға орын жетпейді
Шәкірттердің кейбірі дене шынықтыру сабағын Ертіс жағасында өткізіп жүр
Абай облысындағы мектептерге бала сыймай жатыр. Дәл қазіргі уақытта 9 мың оқушыға орын жетпейді. Облыс орталығы Семей қаласының өзінде 70-ке жуық білім ордасы бар. Соған қарамастан кей білім ордаларындағы оқушы саны 2 есе көп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Екі ауысымда білім алатын шәкірттердің кейбірі дене шынықтыру сабағын Ертіс жағасында өткізіп жүр. Себебі ғимарат тар. Орын жоқ. Таршылықтан тарығып, асхананы жертөлеге орналастырып, амалдап жүрген білім ошақтары да бар.
Семей қаласындағы №6 гимназияның әр сыныбында 40-қа жуық шәкірт бар. Мұнда барлығы 900 бала білім алуы тиіс. Бірақ қазіргі оқушы саны 2 мыңға жуық. Мұғалімдер екі ауысыммен жұмыс істейді. Мектеп ғимараты да білім беру мекемесіне арналып салынбаған. Кей сыныпарда терезе жетіспейді. Тақта ілетін қабырға да ыңғайсыз. Сондықтан ұстаздардың сабақ үйретуі мен оқушылардың білім алуына кедергі көп.
«Ауламыз жоқ. Балалардың ойнайтын жері жоқ. Дене шынықтыруды Ертістің жағасына барып, сонда өткіземіз. Одан кейін өзіміздің залдарымызда өткіземіз. Орын мүлдем жоқ. Балалардың ойнайтын, жүретін тіпті серуендейтін орын жоқ», - дейді Семей қалалық №6 гимназияның директоры Майра Ахметова.
Тура орталықта орналасқан оқу орнына оқушылар қаланың түкпір-түкпірінен келеді. Гимназия болғандықтан ата-ана ғимараттың тарлығына да түсіністікпен қарап отыр дейді, мектеп басшысы. Десе де жаңа құрылыған Абай облысындағы бұл мәселені кешеуілдетпей, ұрпақ болашағы үшін қазірден қам жасау қажет деп санайтындар көп.
Қала билігінің жоспары бойынша Семейде алдағы 3 жылда бес мектеп салынбақ. Алайда бұл гимназия ол жоспарға енбеген.
«Қазір қаланың орталығында мектеп салуға жер телімі анықталған жоқ. Гимназияға қосымша ғимарат салатын да орын тапшы. Сондықтан ондағы оқушылардың әзірге осылай оқуларына тура келеді», - дейді Семей қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалия Нұрғалиева.
Директор бұл мәселені тек оқушы санын азайту арқылы ғана шешуге болатынын айтты. Бірақ баласын гимназияда оқысын деп, алып келетін ата-аналар көп болғандықтан ол жоспар да жақын уақытта жүзеге аспайтынын түсінеді.