Тамара Дүйсенова шахтерлердің жұмыс істеу мерзімін қысқартуды ұсынды
Ол шетелдік тәжірибені біздің елде енгізу жөн деп санайды

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Тамара Дүйсенова халықаралық тәжірибені ескере отырып, әлеуметтік әріптестердің қарауына азаматтардың зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеуінің барынша көп кезеңін белгілеу және сақтандыру компанияларының жұмыскерлердің еңбек жағдайларын жақсартуға қатысуы жөнінде ұсыныстар әзірленіп, шығарылатынын айтты.
«Мысалы, Австралия, Италия және Германия мемлекеттерінде көмір шахталарында жұмыс істеудің максималды кезеңі 15 жыл, металлургия өндірісінде 20 жыл. Әлемнің 24 елінің сақтандыру компаниялары жұмыс берушілердің кәсіптік тәуекелдерді бағалауға, қызметкерлерді оқытуға, олардың біліктілігін арттыруға және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі стандарттарды әзірлеуге жұмсаған шығындарын өтейді. Осы тәсілдерді бізде де енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады», – деді Тамара Дүйсенова.