Петропавлда үсіп қалған екі адамға ампутация жасалды
Жыл басынан үсік шалған 12 адамның төртеуі ауруханаға жатқызылды
Солтүстік Қазақстанда үсік шалып, дәрігер көмегіне жүгінетіндер көбейді. Петропавл қалалық көпсалалы жедел медициналық жәрдем ауруханасына жыл басынан жарақат алған, үсік шалған 400-ден астам адам қаралған. Үсік шалған 12 науқас тіркелді. Олардың екеуіне ампутация жасалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Петропавл қалалық көпсалалы жедел медициналық жәрдем ауруханасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жарақат бөлімшесіне қаралғандардың 150-і түрлі сынық алған, тағы 12 адам үсік шалып, мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
«Ауруханаға көбіне мас болып, далада жатып қалғандар үсікпен түсіп жатыр. Қатты үсігендердің аяқ-қолын кесуге тура келіп жататын жағдайлар да болады. Бұрын негізінен қаңғыбастар үсіп жататын. Жыл басынан үсік шалған 12 адамның төртеуін ауруханаға жатқызуға тура келді. Желтоқсан айында қол-аяғын үсіткен 14 адам хабарласты. Олардың бесеуі жатқызылды. Қазіргі уақытта ампутация жасалған екеуі әлі ем алып жатыр», - дейді аурухана дәрігерлері.
Қазір солтүстік өңірде қыс қаһарына мініп тұр. Бірнеше күн бойы саршұнақ аяқ болды. Бірнеше бағытта жолдар жабылып, мектеп оқушылары қашықтықтан сабаққа қатысуға мәжбүр болды.
«Зардап шеккен адамды жылыту үшін оны жылы жерге кіргізіп, ыстық шай немесе сүт беру керек. Зақымданған аяқ-қолын жылы жапқышпен орау қажет.Қолдың саусақтары қатты тоңған жағдайда қолтықтың астына тығуға болады. Егер мұрынды үсік шалса, оны жылыту үшін қолдың жылуы жеткілікті. Терінің жылыған аймағының қайтадан тоңуына жол бермеңіз. Теріі клеткалары жиі қатып, жылынатын болса, соғұрлым зақымдануы мүмкін. Егер бетті немесе мұрынды үсік шалса, жылыту үшін оларды ысқылауға, содан кейін зардап шеккен адамды үй-жайға апаруға болады. Үсік шалған жерлерді қармен ысқылау дұрыс емес. Қар одан сайын үсітеді және ұсақ мұз теріні одан сайын зақымдауы мүмкін», - дейді мамандар.