$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.02.2020, 16:43
Жаңалықтар

Құлжа тас жолына жолайрық салу үшін 1830 түп ағаш кесілетін болды

Айналма жол 2022 жылы пайдалануға беріледі

Құлжа тас жолына жолайрық салу үшін 1830 түп ағаш кесілетін болды

Алматыда келер жылы пайдалануға берілетін айналма жол арқылы әуежайға, Талғар мен Алматы қаласына және Алматы облысының өзге елді мекендеріне еш кедергісіз қатынауға болады.

Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, нысанды салуға 19,7 млрд теңге жұмсалады. Құрылыс жұмыстары әлі басталмаған. Десе де, 2022 жылдың ақпан айына дейін жолайрық пайдалануға беріледі деді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда құрылыс жүретін аумақта алып теректер кесіліп жатыр. Жасыл экономика басқармасының мәліметінше, жолды салатын мердігер компания 1830 түп ағашты кесіп, оның орнына 9155 түп ағаш отырғызады.

Есте болса, бұған дейін «Аport Mall East» компаниясы өздеріне тиесілі 40 соттық жерді әкімдіктің тартып алғалы жатқанын айтып шағымданған еді. Әкімдік өкілдері жерді тартып алған жоқпыз, сатып алдық деп отыр.

«Жол айрығының құрылысы жоспарланған аумаққа «EAST LAND» ЖШС-не тиесілі 40 соттықтай екі жер телімі кіреді. Сот шешіміне сәйкес, аталған жер телімдері меншік иесінен сатып алынып, ақысы толығымен ЖШС шотына ақпан айының басында аударылды. Ендігі сот «EAST LAND» ЖШС-нің айналма көпір құрылысы үшін сатып алынған жер телімдерінен бөлек 11 мың түп ағашты рұқсатсыз кесуіне байланысты қозғалған. Сот 26 ақпан күні өтеді», - деп мәлімдеді Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары