Пашинян Арменияда ҰҚШҰ оқу-жаттығулары өтпейтінін мәлімдеді
Ол аталған іс-шараны биыл өз елінде өткізуді орынсыз деп санайтынын айтты
Армения премьер-министрі Никол Пашинян баспасөз мәслихатында биыл Армениядағы ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің оқу-жаттығулары өтпейтінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі РИА Новостиге сілтеме жасап.
Пашинян Армения Қорғаныс министрлігі бұл оқу-жаттығуларды елде өткізуді орынсыз деп санайтыны туралы ҰҚШҰ-ға хабарлағанын атап өтті.
«Менің ойымша, бұл жерде түсінбеушілік бар, өйткені Арменияның Қорғаныс министрлігі ҰҚШҰ Біріккен штабына жазбаша түрде біздің Армениядағы қазіргі жағдайда оқу-жаттығулар өткізуді орынсыз санайтынымызды хабарлаған болатын. Армениядағы бұл жаттығулар, жоқ дегенде, биыл өткізіле қоймайды», - деді ол.
Айта кетсек, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Иманғали Тасмағамбетов Станислав Засты алмастырып, ҰҚШҰ Бас хатшысы болып тағайындалды.
ҰҚШҰ-ның Қазақстандағы оқу-жаттығулары өткен жылдың қазанында өткен болатын. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Армения елдері мүше.