Петропавл түрмесінде тәркіленген заттардың көрмесі өтті
Мамандардың айтуынша, түрме аумағына тыйым салынған заттарды жасырып әкелу әрекеттері тыйылар емес

Петропавл түрмесінде тәркіленген заттар көрмесі өтті. Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері жазасын өтеушілердің туған-туыстары түзету мекемесіне кіргізбек болған бұйымдарды көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, сотталғандар мен тұрғындар түрме аумағына тыйым салынған заттарды кіргізудің барған сайын күрделі тәсілдерін табуда.
Мамандардың айтуынша, түрме аумағына тыйым салынған заттарды жасырып әкелу әрекеттері тыйылар емес. Тек өткен жылдың өзінде түрмеге ұялы байланыс құралдарын алып кірудің 51 фактісі тіркелген. Ал жалпы жиналған құралдар саны – 89 дана. Тыйым салынған құрылғылар көбінесе сотталғандарға үйлерінен келген сәлемдемелерден табылады.
«Бүгін тыйым салынған заттардың көрмесін ұйымдастырдық. Жалпы сотталғандардың туыстары мен жақындары мекемеге ақша, алкоголь, есірткі, пышақ және ұялы байланыс құралдары секілді заттарды алып кірмек болады. Біз әр адамды жіті тексереміз. Алайда, осындай фактілер әлі күнге дейін тыйылар емес», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД режим және қадағалау бөлімінің аға жедел уәкілі Дәулет Имамбаев.
Былтыр тек есірткіге қатысты 5 жағдай тіркелген. Ал байланыс құралдарын заң бұзушылар көбінесе шоколад плиткасының қаптамасымен орап, аяқ киімге және щеткаға жасырып өткізбек болған.
«Келіп түскен барлық сәлемдемелерді жеке-жеке қараймыз. Сондай-ақ, тексеру жұмыстарына мекемедегі қызметтік иттерді де қатыстырамыз. Сондықтан, тыйым салынған заттың түзету мекемесіне кіргізілуі екіталай», - дейді Дәулет Имамбаев.
2022 жылдың қорытындысы бойынша 14 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 2 айыппұл салынып, 12 ескерту жасалды. Қазір барлық мекемелерде заманауи рентген-телевизиялық қондырғыларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Жабдық тыйым салынған заттарды анықтауға арналған.