Бас прокуратура: арнайы прокурорлар 720 қылмыстық істі қарастырды
Бүгінде Бас прокуратура тергеген істер бойынша 573 адам сотталды
Қаңтар оқиғасы бойынша арнайы прокурорлар 720 қылмыстық істі тергеді. Нәтижесінде елімізде тыйым салынған экстремистік топтардың 25 мүшесі ұсталды. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 42 мүшесі қамауға алынды. Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Берік Асылов Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Белгілі болғандай, күдіктілердің арасында деструктивті діни ағымдардың 8 жақтаушысы болған. Ал 126 адам кісі өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасағандары үшін бұрын сотталған.
«Негізінен жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың көбі – 35 жасқа дейінгі жастар. Бұдан бөлек, шетелдік азаматтар жаппай тәртіпсіздікке қатысуға және басқа қылмыстар бойынша күдікті болып танылды. Оның ішінде Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары бар», - деді Бас прокурор.
Бүгінде Бас прокуратура тергеген істер бойынша 573 адам сотталды. Оның ішінде 2 іс – теракт жасау фактісі бойынша қаралды.
«Қызылордада Құдайбергенов әскери қызметкердің автокөлігін тартып алып, әскерилер тобына шабуыл жасаған. Соның салдарынан Қайсаров қаза болды. Таразда Бекболов әкімдіктің ғимаратына шабуыл жасауға қатысып, полиция қызметкерлері мен әскерилерге оқ атуға шақырған. Қазіргі таңда жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы ретінде 18 адам анықталды. Олардың 13-іне қатысты іс сотта қаралуда», - деді ол.