Қаңтар оқиғасы: әлі күнге дейін 2 мыңға жуық қарудың қайда екені белгісіз
Алматы және Жамбыл облыстарының Полиция департаменті қызметкерлері жұмыс орнын тастап кеткен
Қаңтар оқиғасы кезінде басшылықтың нұсқауы бойынша Алматы және Жамбыл облыстарының Полиция департаменттері өз ғимараттарын тастап кеткен. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс залында жасаған баяндамасында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Оның айтуынша, департамент басшылары осылай әлсіздік танытқан. Бұл өз кезегінде жеке құрамның рухын түсірді. Соның салдарынан тәртіпсіздіктің жолын кесу бойынша шаралар уақтылы қабылданбаған.
«Соның салдарынан Алматы мен Талдықорған 2 күн бойы қарулы содырлардың билігінде болды. Олар қару-жарақтың үлкен арсеналы – 3 мыңға жуық автомат, пистолет, снайперлік винтовка және он мыңдай оқ-дәріні тонап кетті. Яғни, осы басшылардың кесірінен ең қауіпті атыс қарулары бүлікшілердің қолына түсті. Әлі күнге дейін 2 мыңға жуық қарудың қайда екені белгісіз», - деді Бас прокурор.
Арнайы прокурорлар билікті асыра пайдаланудың осы фактілері бойынша тергеуді аяқтады.
«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 3 аумақтық департаментінің экс-басшылары, Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы және басқа адамдарға қатысты қылмыстық істер сотқа жолданды. Қазір сот талқылауы болып жатыр. Олардың кінәсінің дәрежесі мен жаза түрін сот анықтайды», - деп нақтылады Бас прокурор.
Сондай-ақ ол Жамбыл облысы Полиция департаментінің экс-бастығына қатысты қылмыстық қудалау қайтыс болуына байланысты тоқтатылғанын (өзін-өзі атып өлтірді) атап өтті.