Мәжіліс депутаттары қаңтар оқиғасында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды
Мәжіліс залында қаңтар оқиғасына байланысты көрме ұйымдастырылды

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар қаңтар оқиғасында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, тағзым етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Осыдан тура 1 жыл бұрын қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде жазықсыз жандар нақақ қаза болды. Бүгінгі жалпы отырысымызды қаңтар құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алудан бастауды ұсынамын», - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Мәжілістің жалпы отырысында Бас прокурор Берік Асылов депутаттардың өткен жылдың қаңтарында болған қайғылы оқиғаларға қатысты сауалдарына жауап береді.
Сондай-ақ Парламент Мәжілісінде қаңтар оқиғасына қатысты Бас Прокуратура, Ішкі істер министрлігі және Қорғаныс министрлігі арнайы көрме ұйымдастырды.
Көрмеге былтыр қаңтарда полиция департаменттерінен, қару-жарақ дүкендерінен ұрланған және жаппай тәртіпсіздікке қатысқан адамдардан тәркіленген қару мен оқ-дәрі және басқа да заттар қойылды.
Еске салайық, өткен аптада Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Бас прокурор мен құқық қорғау органдарының басшыларын Мәжіліске келіп, қаңтар оқиғасына қатысты қазақстандықтарды мазалап жүрген сауалдарға жауап беруді ұсынған болатын.