Атырау тұрғынының үйінен заңсыз сақталған 90 келі бекіре тұқымдас балық тәркіленді
Күдікті бағалы су маржанын заңсыз сатып келген
Атырау тұрғынының үйінен заңсыз сақталған 90 келі бекіре тұқымдас балық тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күдікті бағалы су маржанын заңсыз сатып келген.
«Департаменттің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Атырау қаласының 49 жастағы тұрғынының шаһар аумағында бекіре тұқымдас балықтарды сатып жүргенін анықтады. Осы дерекке байланысты полиция қызметкерлері бағалы балықты заңсыз саудалау күдігіне ілінген адамның тұрғылықты мекен-жайына тінту жүргізді. Тінту кезінде күдіктінің үйінен жалпы салмағы 90,6 келіні құрайтын бекіре тұқымдас балықтың 26 данасы табылып, айғақ зат ретінде тәркіленді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір полиция қызметкерлері 49 жастағы күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігімен (Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын, оның ішінде олардың айналымы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен реттелетін түрлерін, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз қолға түсіру, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау немесе жою, сол сияқты олардың мекендейтін жерлерін жою) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалын жүргізіп жатыр. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201 бабына сәйкес жариялауға жатпайды.