Бүгін еліміздің басым аумағында қар жауады
Республика бойынша көктайғақ болып, жел күшейеді
Синоптиктер 28 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«ҚР батыс өңірлері солтүстік-батыстан ауысатын циклон жырасының ықпалында болатындықтан, жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын жауады, елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында атмосфералық фронтальды жүйелердің өтуіне байланысты қар, оңтүстігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады. Тек елдің оңтүстік-шығысында, шығысында жауын-шашынсыз ауа райы болуы мүмкін», - делінген «Қазгидромет» хабарламасында.
Республиканың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде тұман, оңтүстігінде – көктайғақ болып, батысында, оңтүстік-шығысында, шығысында жел күшейеді.
Астанада көшпелі бұлт шығады, күндіз аздап қар жауады. Солтүстік-шығыстан секундына 2-7 метр жел соғады. Ауа температурасы түнде -16-18, күндіз -9-11°С болады.
Алматыда көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз. Жел секундына 0-5 метрге жетеді. Ауа температурасы түнде -4-6, күндіз +2+4°С болады.
Шымкентте көшпелі бұлтты, өткінші жауын-шашын (негізінен жаңбыр) болады. Оңтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ауысатын жел секундына 5-10 метрге жетеді. Ауа температурасы түнде 0-2, күндіз +6+8°С болады.