«Екінші саябақ болмайды»: елорданың бірнеше тұрғыны тұрғын үй кешенінің орнына саябақ салуды талап етті
Тұрғын үйден небәрі 300-500 метр қашықтықта Тұңғыш Президент саябағы мен Триатлон паркі орналасқанын айта кеткен жөн
Астана қаласында BI Group компаниясы Iconic және Mangilik Residence атты екі тұрғын үй кешенін салып жатыр. Алайда бұл үйлердің салынуына жақын маңда орналасқан «Ақбұлақ» және «Каспиан Палас» тұрғын үй кешендерінің тұрғындары қарсылық білдірді. Azattyq Ruhy тілшісі оқиғаның мән-жайын білу үшін тараптардың пікірін сұрап білді.
Осы орайда аталмыш үйлердің салынуына қарсылық білдірген белсенді азамат Әбілғазы Дүйсембиевпен тілдесіп, талаптарын білдік.
«Біз Mangilik Residence тұрғын үй кешенінің құрылысына қарсылық білдірдік. Себебі біздің ойымызша ол қолайсыз жерге салынып жатыр. Өзім де, өзіммен бірге қарсылық білдірген тұрғындар да құрылыстың орнына шағын саябақтың салынғанын қалайды. Оның құрылысы кәріз және коммуникация желілеріне де әсер етуі мүмкін. Әрине, құрылыс компаниясы бұл орынға тұрғын үй салғысы келеді. Алайда жақын жерде тұратын тұрғындардың да жағдайын ойлауы керек», - дейді белсенді азамат Әбілғазы Дүйсембиев.
Алайда тұрғын үйден небәрі 300-500 метр қашықтықта Тұңғыш Президент саябағы мен Триатлон паркі орналасқанын айта кеткен жөн.
Өз кезегінде Mangilik Residence тұрғын үй кешенінің мердігерлері кешенді салу құқықтық негізде қолға алынғанын айта келе компанияда құрылысқа рұқсат етілген барлық құжат бар екенін жеткізді. Сол сияқты Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы 2021 жылдың 2 наурызында рұқсат еткен эскиз жобасы да бар екенін жеткізді.
«Мемсараптама» РМК 2021 жылғы 30 қыркүйекте инженерлік желілер құрылысына экологиялық және мемлекеттік сараптаманың оң қорытындыларын берді. Авторлық, техникалық қадағалау және бас мердігерлік шарттар жасалды. Қала әкімдігі 2022 жылдың 11 қаңтарында үлескерлердің ақшасын қабылдауға рұқсат берді», - деп хабарлайды BI GROUP компаниясының баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Iconic тұрғын үй кешенін салу кезінде де заңнама нормаларын бұзу анықталмағаны белгілі болды.
Құрылысты жүргізуге арналған барлық қажетті құжат бар: мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы, құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы МТК хабарламасы, сондай-ақ әкімдіктен үлескерлердің қаражатын қабылдауға рұқсат.
«Айта кетейік, қазір де жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда коммуникацияларға жүктеме көрші үйлерге әсер етпейді. Атап айтқанда, қалалық жүйе ТС46-дан «Газовик» ПИК-қа дейін жылумен жабдықтаудың трассасын жүргізді. Сонымен қатар «АстанаСуАрнасы» мекемесінің мәлімдемесіне сәйкес, кешеннің құрылысы аяқталғанға дейін Кувейт мемлекетінің елшілігі тарапынан желілерден су құбырын қоршау орындалады, бұл өз кезегінде Ақбұлақ-3 шағын ауданында сумен жабдықтау проблемаларын болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ElordaEcoSystem сұранысы бойынша жаңбыр сорғы станциясында сорғы ауыстырылды, бұл кәріз жүйелерінің бітелуіне жол бермейді. Ауданға көлік жүктемесі бар мәселелер де туындамайтынын атап өту қажет. Тұрғын үй кешеніне өту үшін Амман көшесі бойынша жаңа айырбасты кеңейту және құру жобасы әзірленіп, келісу сатысында тұр. Автокөлікке арналған орындарға келетін болсақ, нысан аумағында тұрғындардың көліктері үшін жабық тұрақ, сондай-ақ қонақтарға арналған тұрақ бар», - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Компания осы орайда жоғарыда аты аталған тұрғын үй кешендерінің құрылысына қарсылық білдірген тұрғындарды келіссөзге шақырды.
Екі тұрғын үй кешені, яғни Mangilik Residence пен Iconic-тің құрылысы бойынша соттың шешімі де шыққан. Сот BI GROUP компаниясының есебіне шешім қабылдады.
Осы орайда Iconic тұрғын үй кешенінен үй алу үшін алғашқы жарнасын салып, баспана күтіп отырған азаматтардың да пікірін сұрап білдік.
«Астананың жақсы бір ауданынан пәтер алуға үміткер болып отырмын. Жоба өте әдемі, оның тұрған жері, қолайлығы сондай тартымды. Алайда мұндай дау болады деп ойламаппын. Тұрғындардың талабын түсінемін, бірақ жақын маңда Триатлон паркі бар. Мен заңгер емеспін, бірақ құрылыс заңсыз жүргізілді деп есептемеймін», - дейді Еркен.
«Бұл үйді ата-анама алып берейін деген едім. Әке-шешем қартайған шағын жақсы, қолайлы өткізгенін қалаймын. Себебі бұл үйдің санаты «Бизнес+» болып есептеледі. Бұл Қазақстандағы құрылыстың жаңа деңгейі деп білемін. Оның тұрған жері де қолайлы. Өзім компанияның дұрыс әрекет етіп жатқанына сенімдімін. Тұрғындардың реніші туындаған бастапқы уақытта сату бөліміне келіп, жағдайды білдім. Компания өзінің әрекеті заңды екенін дәлелдеді. Оның үстіне жақын маңда саябақ та бар. Ал біз сияқты қарапайым адамдар тезірек баспаналы болғысы келеді.
Бұл үйден ипотекаға баспана алу үшін бір бөлмелі екі пәтерімді саттым. Нақтырақ айтқанда бұл үйді алу үшін өте көп күш жұмсадық. Құрылысты жаңа деңгейге шығарып жатқан құрылыс компанияларының бетін қақпау керек. Себебі біздің құрылыс компанияларының жұмыс сапасына посткеңестік елдердегі құрылыс компаниялары жете алмайды. Мысалы, мен Мәскеуде біраз уақыт тұрдым. Ол жақта мұндай жайлы үйлердің салынғанын көрген емеспін. Бұл мен үшін жай пәтер емес, себебі мен оны ата-анама алып бергелі отырмын», - деді Руслан Рахимов.