$ 499.51  525.83  4.62
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматыда ер адам өртеніп жатқан дүкеннен әйел адамды алып шықты

Дүкенді әйел адаммен азаматтық некеде болған ресейлік азамат өртеп жіберген

Алматыда ер адам өртеніп жатқан дүкеннен әйел адамды алып шықты

Ресей азаматы Алматыда дүкенді иесімен бірге өртеп жіберген оқиға көпшілікті елең еткізді. Оқиға орнында болған жанып жатқан жерден иесін алып шыққан азамат қала тұрғыны Бауыржан Әуелбеков екені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл жайтты «Не молчи» қорына зардап шеккен келіншектің сіңілісі көмек сұрап, оқиғаны толық баяндап берген. Оның айтуынша, әпкесі мен ресейлік азамат Боприев 2019 жылдан бері жанжалдасып келеді. Сол кезде де ол әйелді ұрып-соғып, қолын сындырған. Оны елдің аумағынан аластату бойынша соттың шешімі де шыққан. Бірақ Қазақстаннның территориясынан кетпеген.

«21.11.22 күні әпкем Алатау ауданында азық-түлік дүкенін жалға алды, 20.12.22 жылы Боприев әпкемнің тұрақта тұрған көлігін көріп, дүкенге келіп, қоқан-лоққы көрсете бастады. Бұған дейін ол қызына мектепке келіп қорқытатын. Осыған байланысты Алатау ауданының ІІБ-нің учаскелік полициясына барып арыз жаздым. Бірақ ешкім Боприевті іздеген жоқ.

Ал 21.12.22 жылы сағат 16: 30-да Бобриев дүкенге екі канистр бензинмен, тапаншамен, оттықпен келді. Мылтықпен дүкендегі сатып алушыны қуып жіберді. Дүкеннің іші мен әпкеме жанармай шашып, артынша өртеп жіберді. Нәтижесінде жарылыс толқыны терезелер мен есіктерді жарып жіберді. Десе де Боприев қуып жіберген тұрғын қайта дүкенге кіріп, өрттің ішінен әйелді алып шықты. Оған шексіз алғыс білдіреміз.

Егер учаскелік полиция көмек сұраған күні шара қолданса, бұл қайғылы жағдай болмас еді. Ол бір жыл бұрын жер аударылған болса, әпкем зардап шекпес еді және қазір мұндай азапты көрмес еді! Соттың шешімін полиция орындамаған», - дейді жәбірленушінің бауыры.

Ауыр жарақат алған келіншек жансақтау бөліміне түскен. Қазір жағдайы орташа ауыр күйде.

«Науқасты 21 желтоқсанда №4 қалалық клиникалық ауруханаға жедел жәрдем бригадасы жеткізді. Денесінің термиялық күйігі 9%-ды (бас, қол, аяқ) құрады, оның 2%-ы терең ауыр. Жоғарғы тыныс жолдарының жеңіл күйіп қалуы, көз конъюнктивасының 1 дәрежелі күюі орын алды.

Түскен кезде науқастың жағдайы ауыр деп бағаланып, жансақтау бөліміне жатқызылды. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін бір күн өткен соң науқас күйік бөліміне ауыстырылды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы орташа ауыр», - деп хабарлады Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

Айта кетейік, заңды немесе азаматтық некеде болмаған, тек келіншекпен бірге тұрған ресейлік азамат өрт кезінде тірідей жанып кетті.

Серіктес жаңалықтары