Өңірлерде «AMANAT» партиясы филиалдарының төрағаларын сайлау жалғасуда
«AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы Асхат Оралов өңірдегі партиялықтардың алдына бірқатар міндет қойды
Ел өңірлерінде «AMANAT» партиясы филиалдарының конференциялары жалғасып жатыр. Бүгін партияның Жетісу облыстық филиалының кезектен тыс III конференциясы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Іс-шараға «AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы, өңірдегі саяси кеңестің мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, бастауыш партия ұйымдары мен «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.
Конференцияны ашқан «AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы Асхат Оралов алда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы өтетінін ескере отырып, өңірдегі партиялықтардың алдына бірқатар міндет қойды.
«AMANAT» партиясы еліміздің жетекші саяси күші ретінде Президенттің реформалар бағытын тиімді іске асыру үшін азаматтарды біріктіру жұмысын жалғастыруы тиіс. Сондай-ақ, бұған дейін берілген уәделердің орындалуын бақылауды күшейту және партиялық жобаларды іске асыруды жандандыру қажет. Алдағы сайлау өзгеше саяси тәртіпте, жаңа ереже бойынша өтетіні белгілі. Сондықтан барлық күш-қуатымызды жұмылдыру маңызды», – деп атап өтті Асхат Оралов.
Конференция барысында ашық дауыс беру арқылы Арыстанғали Арын партия филиалының төрағасы болып сайланды. Ол бұған дейін филиалдың атқарушы хатшысы қызметін атқарған болатын. Өз кезегінде, ол партиялық жобалардың іске асырылу барысы туралы баяндады.
«Жыл басынан бері облыс аумағында «Жер аманаты» өңірлік комиссиясының араласуымен 100 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жаңа оқу жылы қарсаңында мұқтаж отбасылардағы 200-ден астам балаға «Бақытты отбасы» партиялық жобасының аясында мектеп формасы және кеңсе заттары берілді. Әулиекөл ауданындағы өрт кезінде зардап шеккен отбасыларға 27 тонна гуманитарлық көмек жиналды», – деді ол.
Сондай-ақ, спикер «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» партиялық бағдарламасын іске асыру барысына тоқталды. Жыл басынан бері өңірдегі орташа жалақы 220 мың теңгеден асты, 7 бордақылау алаңы және 2 сүт-тауар фермасы салынды, жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 46,5 мың бірлікке дейін өсті, Сарқан ауданында қуаты 50 МВт жел электр стансасы тұрғызылды, Басқыншы ауылында 300 орындық мектеп пайдалануға берілді, Сарыөзек ауылында және Талдықорған қаласында 150 орындық екі балабақша ашылды, Ақсу селосында спорт кешені салынды және тағы да басқа жұмыс атқарылды.
Айта кету керек, қазіргі уақытта Жетісу облысында партия қатарында 40 мыңға жуық адам бар, 145 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді.
Сондай-ақ бүгін Алматы облысында партиялық конференция өтіп, оның барысында облыстық филиалдың төрағасы болып Қуат Байғоджаев сайланды. Ол бұған дейін филиалдың атқарушы хатшысы қызметін атқарған болатын. Өз кезегінде, ол осы жылы облыс аумағында «Жер аманаты» өңірлік комиссиясының араласуымен 110 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын атап өтті. Жыл басынан бері филиалға тұрғындардан 20 мыңнан астам өтініш келіп түсті, 5 мыңнан астам адам партия алаңында мәслихат депутаттарының, мемлекеттік органдар өкілдерінің қабылдауында болды.
Бұдан бір күн бұрын Батыс Қазақстан облысында конференция өтіп, онда «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы болып бұрын филиалдың атқарушы хатшысы қызметін атқарған Мұрат Мұқаев сайланды.
Ол партияның сайлауалды уәделерін іске асыру аясында жыл басынан бері өңірде 500 мың шаршы метрден астам тұрғын үй тұрғызылғанын, 246 шақырым жол салынып, күрделі жөндеуден өткенін, 4 білім беру ұйымы пайдалануға берілгенін, Дарьинск, Талдықұдық, Қоныс және Өркен ауылдарында ауыз су пайда болғанын атап өтті. Сонымен қатар, партиядан ұсынылған облыстық мәслихат депутаттарының қаражаты есебінен биыл Орал қаласында паллиативтік көмек орталығы ашылды.