Петропавл тұрғынынан жарты келі синтетикалық есірткі тәркіленді
Қазіргі уақытта іс материалдары сотқа тапсырылды
Петропавл қаласында жалдамады пәтерде синтетикалық есірткі жасап сатқан күдікті ұсталды. Тінту кезінде жарты келіге жуық психотроптық зат тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
СҚО полицейлері «синтетиканың» аса ірі мөлшердегі партияларының бірін күдіктінің ауласынан тауып алған.
Синтетикалық есірткі таратты деген күдікпен Петропавл қаласының 32 жастағы тұрғынын ұстады. Жеке тінту барысында одан кристалл тәрізді зат салынған «зиплок» пакет тәркіленді. Жалдамалы пәтерден тағы екі пакет пен темекі шегуге арналған құрылғы табылып, алынды. Полицейлер ұсталғанның тұрғылықты жері бойынша жекеменшік үйдің ауласынан аса ірі мөлшердегі есірткі салынған полимер пакет алды.
Сараптама қорытындысына сәйкес «тұз» деген атпен белгілі α-PvP есірткі заты болып табылады. Алынған заттың жалпы салмағы 484,32 грамм, бұл аса ірі мөлшерге жатады және 2 мың астам бір реттік қолданатын дозаны құрайды.
«Аталған дерек ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта іс материалдары сотқа тапсырылды. Жыл басынан бері СҚО полицейлері есірткі сатты деген күдікпен 82 адамды ұстады. Заңсыз айналымнан 425 кг есірткі алынды, оның ішінде 3 кг 429 гр синтетикалық есірткі бар», — дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Иван Терзиди.