БҚО-да халықты малға теңеген әкім әлі жұмысқа шықпаған
Бейбіт Аманғалиев қызметінде қала ма, жоқ па, әзірге белгісіз
Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Махамбет аудандық округінің әкімі Бейбіт Аманғалиев 12 желтоқсаннан бері жұмысқа шықпаған. Сондықтан оны жауапкершіліке тарту мүмкін болмай отыр. «Халық қазір мал болып кетті» деген әкім қызметінде қала ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Орал апталығы» басылымына сілтеме жасап.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Басты Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсалов Бебіт Аманғалиевке қатысты қызметтік тергеп-тексеру жұмыстарын бастай алмай отырғанын айтады.
«Себебі ол кісі әлі жұмысқа шықпаған. Денсаулығына байланысты (больничный) демалыста. Ал демалыста жатқан адамның үстінен тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуге, жауапкершілікке тартуға заң рұқсат бермейді. Жұмысқа шыққан бойда біз қызметтік тергеп-тексеруді жалғастырамыз», - деді Мұрат Байсалов.