Талдықорғанда журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімі берілді

Журналистер үйінің фойесінде естелік тақта ашылды

Талдықорғанда журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімі берілді

Талдықорғандағы журналистер үйіне белгілі тележурналист Бейсен Құранбектің есімі беріліп, естелік тақтасы ашылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ширек ғасырдан астам ғұмырын журналистикаға арнаған Б.Құранбек "Qazaqstan" телеарнасындағы «Айтуға оңай», «Қарекет» сияқты хабарларымен халықтың жадында қалды. Ұзақ жыл «Жетісу» телеарнасын басқарып, «Рахат», «31 арна», «Хабар» телеарналарында, Президенттік телерадиокешенде жұмыс істеді. Журналистер үйіне Бейсеннің атын беру көптің қалауымен жүзеге асқан игі бастама.

Ескерткіш тақтаның ашылуына орай Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Бейсен Құранбектің жары Гүлмира Зербай, жақындары мен туыстары, достары, әріптестері және оны білетін, жақсы көретін, шығармашылығын бағалайтын басқа да жанашыр бауырлары қатысты.

"Биылғы 20 қарашада облысқа арнайы келген сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы сүйінші жаңалықты көпшілік қауымға алғаш болып жеткізгенін білесіздер. Бұл ғимаратқа Бейсен Құранбек есімінің берілуі кездейсоқ емес. 2010 жылы Бейсеннің «Өңірдегі барлық журналистердің басын біріктіретін ғимарат қажет» деген ұсынысына сол кездегі және одан кейінгі облыс басшылығы қолдау көрсеткенін білеміз. Бейсен ғимараттың алғашқы нобайын әзірлеу жұмыстарының басы-қасында жүрді. Бүгін, міне, Бейсекеңнің қолтаңбасы бар Жетісу төріндегі журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімі беріліп отыр. Ол журналистік жолында халықтың мұң-мұқтажын бар зейінімен тыңдады, жүрегінен өткізді, шарқ ұрып мәселенің шешімін іздеді, игі іске жақсыларды жұмылдыра білді. Өзі өмірден өтсе де Бейсеннің атқарған ісі мен қалдырған ізі өскелең ұрпаққа өнеге болып қала бермек. Оның мұрасы болашақта да ұлт мүддесіне қызмет ететініне сенемін",- Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев.

«Өзі туған өлке Күреңбел өңірінде мәңгілік мекенін тапқан Шоқандай Бейсен де жарқ етіп өте шықты. Бірақ артына айта жүрер іс қалдырып кетті», - деді журналист, ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.

Журналистер үйінің фойесінде орналасқан Бейсен Құранбекке арналған еске алу бұрышымен және фотокөрме де ұйымдастырылған. Әрі қарай іс-шараның жалғасы ретінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев «Қоғамдағы интеллектуалды журналистиканың қалыптасуы» атты өңірлік медиафорумның пленарлық сессиясына қатысып, 8 түрлі номинация бойынша жеңімпаз атанған журналистерге облыс әкімінің сыйлығын табыс етті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.