$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«5 жылға дейін несие берілмейді»: Сенатта өздерін банкротпыз деп жариялағандарға қандай шектеу қойылатыны айтылды

Ержан Біржанов халықаралық тәжірибені ескере отырып, рәсімдердің 3 түрін енгізуді ұсынып отырмыз деді

«5 жылға дейін несие берілмейді»: Сенатта өздерін банкротпыз деп жариялағандарға қандай шектеу қойылатыны айтылды
Фото: ашық дереккөзден

Елімізде банкрот деп танылған азаматтар 5 жыл несие ала алмауы мүмкін. Одан кейін қайта кредит алып, берешегінен құтыла алмаса, 7 жылдан кейін қайта өздерін банкротпыз деп жариялауына рұқсат берілуі ықтимал. Бұл туралы бүгін Сенатта ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың жеке тұлғалардың банкроттығы жөніндегі кеңестегі баяндамасында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

Министрлік, заң жобасын әзірлеу барысында жеке тұлғалардың банкроттығы институты қалыптасқан елдердің тәжірибесін саралап шығыпты. Мәселен, Германия, АҚШ –та банкрот болған тұлғаға 10 жыл кредит алуға тыйым салынады, Ресейде 5 жылға дейін жеке кәсіпкерлікпен айналысуға және басшы лауазымдарына тұруға болмайды.

Ержан Біржанов халықаралық тәжірибені ескере отырып, рәсімдердің 3 түрін енгізуді ұсынып отырмыз деді. 

«Барлық үш рәсімді тек ​борышкер ғана бастайды, яғни несие берушінің борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ.

Бірінші рәсім: Соттан тыс банкроттық рәсімі, оған азаматтар келесі шарттар бойынша өтініш бере алады:
1. банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешек 4,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспаса;
2. ресми кірісі жоқ немесе ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын табыс – 36 018 теңге.
Бұл жағдайда борышкердің мүлкі болмауы керек және қарыздар бойынша банкпен есеп айырысу рәсімін жүргізу қажет.
Соттан тыс банкроттық тек банктер, МҚҰ және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін.
3. Соттан тыс банкроттық «Электрондық үкімет» веб-порталында басталады. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіру критерийлеріне сәйкестігін анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік және басқа органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі. 

Келесі рәсім 4,9 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады.
Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі аукционда сатылуға жатады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады.
Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде қайтарып алуға құқылы.
Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды. 
Қалған өтелмеген сома, егер борышкердің (мүлікті немесе ол туралы мәліметтерді жасыру, жалған ақпарат беру және т.б.) белгілері болмаса есептен шығаруға жатады.
Алайда, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян мен алимент бойынша қарызды есептен шығаруға болмайтындығына назар аударғым келеді.

Үшінші рәсім – ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі, тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін қарастырады. Сауықтыру жоспары қаржы менеджерімен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі.
Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам «банкрот» деген мәртебесін алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды»,- деді Ержан Біржанов. 

Сот банкроттық рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады, оның ішінде:

  •  Заңды тұлғаларды және жеке кәсіпкерлерді банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер;
  •  Кәсіби бухгалтерлер;
  •  Заң консультанттары;
  •  Аудиторлар.

Барлық борышкерлер қаржы басқарушыларының қызметтерін төлей алмайтынын назарға ала отырып, заң жобасында мүлкі жоқ халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарға мемлекет есебінен ақы төлеу көзделген.

Вице-министр банкроттықтан кейін қандай шектеулердің болатынын да атап өтті. 

« - жобада 5 жылға несиелер мен кредиттер алуды шектеу көзделген;
- азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады;
- банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу көзделеді.
Сол себептен, азамат өзін банкрот деп жариялаудан бұрын ықтимал салдары мен шектеулер туралы ойлану қажет»,- деді ол.  

2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдында 14,3 трлн. теңгеден астам сомаға 7,8 млн. адамның берешегі бар.

Серіктес жаңалықтары