Голливудтық кинопродюсер тағы бір зорлау дерегі бойынша кінәлі деп танылды
70 жастағы Вайнштейн 23 жылдық жазасын өтеп жатыр

Дүйсенбіде Лос-Анджелестегі алқабилер соты Голливудтың әйгілі продюсері Харви Вайнштейнді тағы бір зорлау фактісі бойынша кінәлі деп тапты. 70 жастағы Вайнштейн осыған ұқсас қылмыстар үшін 23 жылдық жазасын өтеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі BBC Russian-ге сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, екінші процесс барысында Вайнштейн айыптаулардың бірі бойынша ақталып шықты, бірақ тағы осындай үш жағдай бойынша алқабилер бірауыздан шешім қабылдай алмады.
Variety хабарламасына сәйкес, сот «Вайнштейн 2013 жылдың ақпанында қонақ үйде Джейн Доу №1 деген лақап ат иеленген италиялық модельді зорлағаны» үшін кінәлі деп таныды. Ал «массажист қызды зорлады» деген айыптан продсер ақталып шықты.
Қазір Харви Вайнштейн 2020 жылы қабылданған алқабилер алқасының айыптау үкімінен кейін зорлау мен қудалау жасағаны үшін 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатыр.