Мектеп директорлары ақшаны үнемдеу үшін арзан интернет сатып алады – Бағдат Мусин

Әсел Оршыбекова

Еліміздегі 7 600 мектептің  4 978-інде интернеттің төмен жылдамдығы тіркелді

Мектеп директорлары ақшаны үнемдеу үшін арзан интернет сатып алады – Бағдат Мусин
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Цифрлық даму министрлігі оқушыларды отандық планшеттермен қамтамасыз етпек. Алайда ата-аналар мен мұғалімдер бұл бастамаға екі жақты пікір білдіруде. Себебі мектептердегі интернеттің сапасы әлі күнге дейін көңіл көншітпейді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская төменгі палата залында өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Бүгін Үкімет сағатында байланыс саласын жақсарту бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндама жасады.

Өз кезегіне депутаттар жуырда ғана қоғам арасында талқыға түскен «оқушыларға планшет беру» мәселесін сөз етті.

«Бүгінде қоғамда мектеп оқушыларының планшетке көшу мәселесі қызу талқылануда. Бұл оқушылардың ауыр сөмкеден құтылуына, сондай-ақ отандық өндірушіні қолдауға сеп болады. Ата-аналар мен мұғалімдер мұндай жаңалықты әртүрлі қабылдады. Себебі көптеген мектерде интернеттің сапасы әлі де көңіл көншітпейді. Мәселен 3 интерактивті тақтаны қосқан кезде, интернеттің жылдамдығы төмендеп, жағдай қиындай түседі. Бұл ретте интернетке кабельсіз қосылатын планшеттердің мәселесі алаңдатады. Оның үстіне отандық өндірушілер барлық оқушыларды планшетпен қамтамасыз етуге қауқарлы ма деген сұрақ та туындайды. Өз кезегінже Оқу-ағарту министрлігі қанша мектеп интернетпен қамтамасыз етілгенін және қанша мектепте интернет жоқ екенін айтып өтсе. Сондай-ақ мектептерде планшеттерге қызмет көрсететін мамандар саны жеткілікті ме? Жалпы бұл жұмысты кім атқарады?» - деді Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская Оқу-ағарту министрлігінің өкіліне қойған сауалында.

Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясовтың депутатқа айтқан жауабынан еліміздегі мектептердің жартысынан көбінде сапалы интернет жоқ екені белгілі болды.

«Бүгінгі таңда халықаралық одақтың телекоммуникация бойынша ұсынымдарына сәйкес ұсынылатын жылдамдық 20 мегабитті құрайды. Еліміздегі 7 600 мектептің  4 978-інде интернеттің төмен жылдамдығы тіркелді. Интернет қамтамасыз етілген жерде информатика кабинеттері бар, техника мен желілік жабдыққа қызмет көрсетуді жабдық жөніндегі инженерлер қамтамасыз етеді. Мұндай кабинеттер жоқ жерлерде мектептер дербес қамтамасыз етіледі», - деді Оқу-ағарту вице-министрі.

Ал Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин мектептердегі сапасыз интернеттің мәселесін директорлардың ақша үнемдеу тәсілімен байланыстырды.

«Бүгінде интернет үшін бөлінетін бюджет мектепке жеткен кезде директор оны үнемдеуге тырысады. Мәселен бюджет 20 мегабиттік стандарт пакетіне берілген болса, директор ақшаны үнемдеп 8 мегабитті сатып алады. Бұл бірінші мәселе. Екінші мәселе, оператор әдетте модемді бір нүктеге орнатады. Егер ол тек бухгалтердің кабинетінде болса, тиісінше басқа жерлерге интернет жетпейді. Алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бұл мәселелер шешілетін болады», - деп сендірді министр.

Алайда Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мектеп директорларының мұндай әрекетке бармайынын айтып, министр Мусиннен қисынсыз пікірді айтпауын сұрады.

«Ол ақпаратты мен өзім тексерген жоқпын. Бірақ ол ақпаратты Оқу-ағарту министрлігі берді. Ақпаратты өзім таратып отырған жоқпын», - деді Бағдат Мусин.

Сондай-ақ депутат оқушыларға таратылатын планшеттерді зарядтау үшін арнайы инфрақұрылым керектігін ескеріп, ал ауылдарда ондай мүмкіндік әзірге жоқ екенін алға тартты.

«Плашеттердің мәселесі талқылау сатысында. Біздің министрлік планшеттердің Қазақстанда өндіріліп, оқушыға дейін жеткізу мәселесі және Sim-картамен қамтамасыз ету жұмыстарын атқарады. Ал мектептердің ішіндегі инфрақұрылымдық жұмыстарды Оқу-ағарту министрлігі орындайды. Оған менің қатысым жоқ», - деді Мусин.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.