Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес кепілсіз несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін есептеудің жаңа әдістерін талқылады

Автор: Azattyq Rýhy

Есептеудің жаңа әдістемесі халық үшін кепілсіз тұтынушылық кредит беру құнын төмендетуге мүмкіндік береді

Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес есептеудің жетілдірілген әдіснамасы негізінде кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мәнін қайта қарау мәселесін талқылады, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, қазақстандықтардың борыштық жүктемесін төмендету мақсатында аталған шараларды қарастыру жоспарланып отыр. Есептеудің жаңа әдістемесі халық үшін кепілсіз тұтынушылық кредит беру құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кепілсіз онлайн-микрокредиттерді тұтынушылық реттеуді күшейту бойынша бірқатар ұсыныс енгізді. Талқылау қорытындысы бойынша кеңес мүшелері ЖТСМ анықтау тетігіне ұсынылған тәсілдерді мақұлдады, сондай-ақ агенттікке кепілсіз онлайн-микрокредиттерді тұтынушылық реттеуді күшейту жөніндегі жұмысты жалғастыруды ұсынды», - делінген баспасөз хабарламасында.

Ұлттық Банкте атап өткендей, отырыста қаржылық тұрақтылық индексін әзірлеу бойынша Ұлттық банк жұмысының нәтижелері де қаралды. Бұл құрал 2023 жылы пилоттық режимде қаржылық стрессті сандық өлшеу және экономикадағы қаржылық ауытқуларды дұрыс түсіну үшін пайдаланылады.

«Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесі қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге жәрдемдесу мақсатында қаржы секторының өзекті мәселелерін талқылау бойынша өз жұмысын жалғастырады», - деп түйіндеді мамандар.

Айта кетейік, кеңес жұмысына Қазақстан Ұлттық Банкінің, Президент Әкімшілігінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Қаржы министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басшылары қатысты.