Журналист Михаил Козачковтың ұсталуына қатысты Ақорда пікір білдірді
Тоқаевтың атына бірқатар медиа қоғамдастық өкілі үндеу жолдаған
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналист Михаил Козачковтың ұсталуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына журналист Михаил Козачковқа қатысты жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстарына орай бірқатар медиа қоғамдастық өкілі үндеу жолдады. Осыған байланысты бұл іс Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тек құқық шеңберінде қаралуға тиіс екенін атап өту қажет», - деп жазды Руслан Желдібай.
Оның айтуынша, Бас прокуратура тергеудің заңдылығын қадағалауды қамтамасыз етуге және заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті түсініктемелер беруге міндетті.
«Қазақстан азаматы ретінде ұсталған журналистің барлық заңды құқығы толық сақталуға тиіс», - деп толықтырды Р. Желдібай.
Еске салсақ, бұған дейін журналист Михаил Козачков ұйымдасқан қылмыстық топқа көмектескен деген күдікпен ұсталған болатын.