Елімізде алқабилер қарайтын істердің саны көбейеді
Бұл сот жүйесін демократияландыруға ықпал етеді деп күтіліп отыр
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Заң екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашит Жүкенов Қазақстандағы алқабилер соты институты 2007 жылғы 1 қаңтарда енгізілгенін және 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын еске салды. Оның айтуынша, қазір алқабилер соты қараған істер бойынша 10 пайызына дейін ақтау үкімін шығарады. Ал жалпы соттарда бұл көрсеткіш 1,5-2 пайызды ғана құрайды.
"2010-2012 жылдар аралығында алқабилер сотының соттылығы аса ауыр қылмыстарды кеңінен қарауға көшті. Бұл алқабилер қарайтын істер санының он есе өсуіне әкелді. Жылына 300-ден астам істі қаралды. Ал 2013 жылдың шілдесінде алқабилер сотының тарылды. Олардың қарауына өлім жазасы мен өмір бойына бас бостандығынан айыруға әкеп соқтыратын істер ғана қалды. Мұндай өзгеріс алқабилер қатысатын істер санының күрт төмендеуіне әкелді. Жылына шамамен 50-60 іс", - деді Жүкенов.
Отырыста хабарланғандай, заң жобасы алқабилердің соттылығын кеңейтуді және 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап оларға тағы 13 ауыр және аса ауыр емес қылмыс құрамын беруді ұсынады. Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының басшысы жалпы алғанда алқабилер сотының соттылығына 40-тан астам құрам жатқызылатынын түсіндірді. Бұл сот жүйесін демократияландыруға ықпал етеді және қоғам тарапынан оған деген сенімді арттырады.