Коронавирус Қытай түрмелеріне жетті: 500 сотталушы ауру жұқтырған
Аталған аурудан әлемде 2126 адам қайтыс болды
Қытайдың 5 түрмесінде коронавирус тіркелді. Аты жаман ауруды жұқтырғандар саны мұнда 500-ге жуықтайды. Бұл туралы ҚХР Әділет министрлігінің өкілі Хэ Пин мәлімдеді деп жазады РИА Новости.
Министрлік мәліметінше, «Шилифэн» түрмесінде (Чжэнцзян провинциясы) 34 сотталушы вирус жұқтырған. Абақтыға ауруды сол жердің қызметкері әкеліпті. Ол 14-19 қаңтар аралығында Ухань қаласында болып келген. Алайда, мұны басшылығынан жасырып, жұмысын жалғастыра берген. 25 қаңтар күні одан коронавирустың белгілері байқалған. Дәрігерлер бүкіл түрмені залалсыздандырып шыққанымен, вирус сотталушылар арасына тарап үлгеріпті.
Сонымен қатар, Шандунь провинциясындағы «Жэньчэн» түрмесінде 200 сотталушы мен 7 қызметкер коронавирус жұқтырды. Ал, ауру шыққан Хубэй провинциясындағы түрмеде 271 факт тіркеліп отыр.
Қазіргі таңда ауру жұқтырғандардың бәрі емделіп жатыр. Олардың ешбірі қайтыс болған жоқ.
20 ақпандағы мәлімет бойынша әлемде 75 713 адам коронавирус жұқтырған. Қайтыс болғандар саны 2 126-ны құраса, 16 231 адам аурудан айығып шыққан.