Батысқазақстандық делегация Орынбордағы форумға қатысты
БҚО-ның Ресей Федерациясымен тауар айналымы - 546,3 млн доллар
Батыс Қазақстан облысы әкімнің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов бастаған өңір делегациясы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Президенттері Қ.Тоқаев пен В.Путиннің қатысуымен Орынбор қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XVIII форумына қатысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жалпы биыл Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 5 пайызға өсті. Қазақстанда бірлескен кәсіпорындар саны мен ресейлік инвестициялар көлемі жылдан жылға артып келеді. Мысалы Батыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясымен тауар айналымы 546,3 млн долларды құрап отыр.
Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында шетелдіктердің қатысуымен 414 компания тіркелген. Соның 380-і Ресейдің қатысуымен, 20-сы - Беларусь мемлекетімен және 3-еуі - Украинамен.
Форумда сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан Ресеймен шекарада экспорттық-импорттық ағындарды бөлу үшін сауда хабтарын құруды жалғастыратынын айтты. Күні бүгін Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында «Еуразия» тауар тасу орталығын құру мәселесі пысықталуда.
Форум аясында инвестиция тарту мақсатында бірқатар кездесулер ұйымдастырылды. Арман Өтеғұлов Самара облысының бірінші вице-губернаторы Виктор Кудряшовпен кездесті. Кездесуде шекара маңы ынтымақтастығын дамыту бойынша келесі жылға арналған жоспарлар талқыланды.
Сондай-ақ форум аясында Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Ресей Федерациясының Волгоград облысының әкімшілігі арасында 2023-2025 жылдарға арналған сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойылды.
Батыс Қазақстан облысының делегациясы «А7 Агро» компаниясына барып, компанияның бас директоры Алексей Комаровскиймен кездесті. Ол құрама БҚО-ның аумағында сүт-тауар фермасын құруға қызығушылық білдірді.
Алдағы уақытта облыс аумағында ресейліктердің қатысуымен жаңа өндіріс ашылмақ. Мысалы «QazFanCom» ЖШС қуаттылығы айына 4,5 мың текше метр фанера өндірісін локализациялайды. 50-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды. Қазіргі уақытта компания өнім шығаруды бастады. Сонымен бірге «TerezeStyle» ЖШС жоғары сапалы терезелер мен есіктердің өндірісін жолға қоюда.