Павлодарда ақсақалдар бата беруден сынға түсті
Қатысушыларды арнайы бекітілген қазылар алқасы сараптады
Павлодардағы Мәшһүр Жүсіп мешітінде облыс ақсақалдары арасында «Елдің тілеуін тілейік!» тақырыбында бата жарысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз қызметінің мәліметінше, жарысқа қала, аудан мешіттері арқылы іріктелген 13 ақсақал сынға түсті. Қатысушыларды арнайы бекітілген қазылар алқасы сараптады.
«Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Мәшһүр Жүсіп мешіті атынан қатысқан Балтабай Сыздықов, екінші орынды Қасым қажы мешіті атынан қатысқан Қуат Баязитов, үшінші орынды Қайрат Құджанов иеленді. Жарысқа қатысушылар мен жүлдегерлерге сый-сияпаттар берілді», — дейді баспасөз қызметінде.
Бірінші орынды иеленген Балтабай Сыздықов республикалық бата жарысына қатысатын болады.
Айта кетейік, Балтабай Сәкенұлы – Қазақстан Республикасының Журналистер одағының мүшесі, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалы мен «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, сондай-ақ жергілікті зиялы қауым өкілі, тіл жанашыры мен батагөй ата ретінде кеңінен танымал.
2019 жылы Атырау қаласында өткен «Батаменен ел көгерер» атты республикалық бата беру байқауында бірінші орынды иеленген болатын.