Қарағанды облысында электр тарифі негізсіз көтерілген
Антикор тұрғындардың тарифтен тыс қаржыны төлеуінің алдын алған
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында негізсіз көтерілген тариф туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қарағанды облысында электрмен жабдықтау қызметтеріне баға белгілеу мониторингі жүргізілді. Электр энергиясын жеткізуші ұйымдарда өндірушінің бағасының өсуін растайтын шот-фактуралар болмады. Уәкілетті органмен бірлесіп қабылданған шаралардың нәтижесі бойынша бағаның жобаланған өсімі төмендеген», - деді Саян Ахметжанов.
Осылайша, Антикор облыс халқын 1 жылға (2022 жылғы қазаннан 2023 жылғы қазанға дейін), яғни жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге тарифтен тыс электр энергиясын төлеуден қорғап қалды.
«Балқаш қаласының тұрғындары үшін 133 млн теңге сомасына жылумен жабдықтау және 92 млн теңге сомасына сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне төмендетілген өтемақы тарифі енгізілді. Бұл халық үшін тарифті негізсіз көтеру фактілерінің анықталуына байланысты», - деді ол.