Петропавлда көршілердің тыныштығын бұзғандарға 600 мың теңге айыппұл салынды
Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында жыл басынан бері осындай құқық бұзушылық үшін екі адам жауапқа тартылған
Петропавлда көңіл көтеруге әуес пәтер жалдаушыларға 600 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Жыл басынан бері «102» телефон қызметіне қала тұрғындарынан көршілерінің шулап мазаны алғаны туралы 132 шағым түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Полицейлердің сөзіне қарағанда үй жалдап, басқосушылар көршілердің мазасын алып қана қоймай, тұрмыстық техниканы қолды ететін жағдайлар да жиі кездеседі. Әсіресе, теледидарлар ұрылардың оңай олжасына айналады. Пәтерді жалдап, көңіл көтергеннен кейін басбұзарлар өздерімен бірге түрлі заттарды алып кететін жағдайлар тіркелген.
«Кәсіпкер үшін пәтерді жалға беру жақсы табыс көзі болар. Бірақ өзгелерді де ойлау керек. Бізге күндіз-түні маза жоқ. Азан-қазан болады да жатады. Бірнеше мәрте полиция шақырдық. Тынышталған болады. Бірақ келесі жолы басқа адамдар келіп пәтер жалдайды. Тағы да сондай картина», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Надежда Иванова.
Петропавл қалалық Полиция басқармасының мамандары жылжымайтын мүлік агенттіктерінің басшыларымен кездесіп, құқықтық тәртіпті нығайту шараларын күшейту қажеттігін ескертті. Жалға берілетін 87 пәтерге 132 шақырту түскен. Жағдай тыйылмаса, көршілері прокуратураға шағымданатындықтарын жеткізген.
«Бұл жиі қозғалатын тақырып болып отыр, азаматтардың шағымдары да көбейіп кетті. Полицейлер әрқайсысын қарастырып, шаралар қабылдады. Жыл басынан түнгі уақытта тыныштықты бұзғандары үшін пәтерлерді жалға алушыларға қатысты шамамен 100 әкімшілік хаттама толтырылды», - деді Петропавл қаласы Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Әлібек Ғабдуллин.
Сондай-ақ, полицейлер жеке басты куәландыру құжаттарын кепілге тастау заңсыз екенін атап өтті. Бұндай әрекет үшін 13 мың теңгеден астам айыппұл көзделген. Биыл облыс орталығында осындай құқық бұзушылық үшін екі адам жауапқа тартылды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО