$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Жас саясаткер мектебі» бағдарламасы бойынша оқыту аяқталды

Алғашқы лекке еліміздің барлық өңірінен 50 адам қатысты

«Жас саясаткер мектебі» бағдарламасы бойынша оқыту аяқталды
Суретті түсірген: Әли Ғалым

«AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы «Жас саясаткер мектебі» бір апталық оқыту бағдарламасын аяқтады. Алғашқы лекке еліміздің барлық өңірінен 50 адам қатысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқытудың соңғы күнінде «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов қатысушылармен кездесті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биыл наурыз айынан бастап Академия саяси кадрларды даярлау ісінің жаңа тәсілдерін енгізе отырып, өз жұмысын түбегейлі өзгертті. Бұдан былай кадрлар тек онлайн режимде ғана емес, сонымен қатар офлайн форматта да оқытылады. Негізінен, оқыту жұмысы өңірлерге барып өткізіледі. Мысалы, сайлау алдында Академия базасында 30 мыңнан астам байқаушы оқытылды. Бұған дейін біз екі мыңнан астам ауыл әкімін оқыттық. Көшбасшы әйелдерге арналған «Tomiris» оқыту бағдарламасын іске қостық. Оқыту процесі тоқтамайды. Партиялықтардың үздіксіз дамуына, заманауи білімге, дағдыға ие болуына мүдделіміз», - деді Асхат Оралов.

Семей қаласынан келген қатысушы Қорлан Туғамбаева алған білімі оған мансап құруға көмектеседі деп санайды.

«Оқыту барысында кәсіби тренерлер, белгілі саяси, қоғам қайраткерлері өз тәжірибесімен бөлісті. Олар қазіргі уақытта жас саясаткердің бойында қандай қасиеттер болуы керек екенін түсіндіріп, көпшілік алдында қалай сөйлеген дұрыс деген тақырып төңірегінде өз ойын жеткізді», – деді ол.

Рауан Байғабыл есімді Алматыдан келген қатысушы да жоба туралы өз пікірін білдірді.

«Оқыту өте қызықты форматта өтті. Біз бірнеше топқа бөлініп, әртүрлі тақырып бойынша тапсырмалар орындадық. Еліміздің саяси құрылымы және онда болып жатқан реформалар туралы қызықты дәрістер тыңдадық», – деді ол.

Жобаға қатысушылар ҚР Парламенті Мәжілісінде болып, депутаттармен, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелерімен кездесті.

Бұған дейін, жобаға қатысушылар ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовпен кездесті. Ол министрлік қызметінің негізгі бағыттарын түсіндіріп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының білім беру саласын іске асыру жұмысына егжей-тегжейлі тоқталды.

Еске сала кетейік, Қазақстанның барлық өңірінен конкурстық негізде 50 қатысушы іріктеліп, олар бір апталық қарқынды оқыту курсынан өтті. Бұл – көпшілік алдында сөз сөйлеу, саяси коммуникация, жобаларды басқару, көшбасшылық бойынша тренингтер, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі саяси құрылымы туралы дәрістер.

Серіктес жаңалықтары