БҚО-да қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мәселелері талқыланды
Облыс әкімі азаматтық қоғамның белсенділігін арттырудың маңыздылығына тоқталды
Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің қатысуымен өңірлік қоғамдық кеңес жанындағы диалог алаңының отырысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Диалог алаңының отырысының күн тәртібінде қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, оның заңды негіздерін және қаржыландыру тетіктерін анықтау туралы мәселе талқыланып, қатыушылар ойларын ортаға салды.
«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кейінгі үш жылдың ішінде бірқатар саяси-экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатыр. Тиісінше бұл өзгерістер қоғамдық бақылау саласын да қамтып отыр. Келесі жылы осыған сәйкес арнайы заң да қабылданады. Шыны керек, жасыратыны жоқ, өңірдегі жол жөндеу, құрылыс жобаларының сапасын қадағалау мәселесіне мемлекеттік қызметшілердің мүмкіндігі толықтай жете бермейді. Осы ретте азаматтық қоғамның белсенділігі өте керек», - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өз сөзінде.
Диалог алаңына қатысушылар көтерілген тақырыпқа қатысты сөз сөйлеп, өзара пікірлесті. Ал адвокат Мереке Ғабдуалиев сөз арасында ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» заңына былтыр енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың консультативтік-кеңесші, байқаушы құрылымның құзіретін кеңейте түскенін тілге тиек етіп өтті.
«Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбаршын Мұштанова облыстық қоғамдық кеңес жанынан қолданыстағы заң аясында уақытша жұмыс топтары мен комитеттер құрудың, оның сапалық құрамына мән берудің маңыздылығына айрықша тоқталды.
Ал қоғамдық кеңес мүшесі Хайдар Қапанов өз әріптестері тарапынан қолдау тапқан авторлық жұмысы - «БҚО-да 2025 жылға дейінгі жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасын іске асырудың» өңірлік әлеуметтік жобасы туралы айта отырып, оның бүгінгі тақырыппен де үндесетінін жеткізді. Сол сияқты өңірді дамытуға арналған екінші жобасы да өзекті екенін қаперге салды.
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері Нұрлан Сәдір, Азамат Мусилов және Біржан Кухаев консультативті-кеңесші, байқаушы құрылымның құқықтық мәртебесін заңнамалық тұрғыдан жетілдіруге екпін түсірді. Осы және өзге де азаматтардың ой-пікірін тыңдаған облыс әкімі жергілікті атқарушы билік үшін қоғамдық кеңестердің орны ерекше деді.