$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

СІМ шет елдердегі Қазақстан азаматтарының құқығын қорғайтын болады

Үкімет «Ашық Қазақстан 500+» атты көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасыy мақұлдады

СІМ шет елдердегі Қазақстан азаматтарының құқығын қорғайтын болады

Бүгін Үкімет отырысында «Ашық Қазақстан 500+» атты көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы ұсынылды. Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп, Экономикалық реформалар жөніндегі жоғары кеңесте мақұлданған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Тұжырымдама еліміздің экономикалық дамуын кадрлық жағынан қамтамасыз етуді көздейді. Оның аясында атқарылатын жұмыстың басты 3 блогы айқындалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді.

Көрсетілген міндеттерге сәйкес, елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыру; шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау және өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті жою жұмыстары атқарылатын болады. Сондай-ақ, елімізге ең тапшы мамандықтар бойынша 500 мықты маманды тарту үшін 7 бағытта жұмыс жүргізіледі.   

«Бірінші бағыт – Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыруды көздейтін білім беру иммиграциясы.  Бұл бағыттағы жұмыс жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамын күшейтуге және білім беру сапасын арттыруға арналған. Ол үшін 100 үздік оқытушы мен сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды Қазақстанға тарту ұсынылады. Бұл санаттағы кадрларғ он жылдық «Ғылыми-педагогикалық виза» берудің оңайлатылған тәртібін енгізу көзделіп отыр. Соның негізінде оларға Қазақстанда тұрақты тұру үшін ықтиярхат алу, одан кейін азаматтық алу мүмкіндіктері қарастырылады.  Дәл осындай мүмкіндікті тапшы мамандықтар бойынша оқитын шетелдік студенттер қатарынан магистранттар мен бакалаврларға да беру қарастырылған», - деді Тамара Дүйсенова.

Екінші бағыт бизнес-иммиграциямен байланысты. Бүгінде инвестиция тарту үшін әлем мемлекеттері арасындағы бәсекелестік жыл өткен сайын күшейіп келеді. Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мемлекеттерінің тәжірибесіне сүйене отырып, инвестициялық виза берудің төменгі шегін 300 мың АҚШ долларына (немесе шамамен 140 млн теңге) дейін азайту қарастырылған. Осы орайда елімізге кемінде осындай көлемде инвестиция салған шетел кәсіпкерлері үшін «Инвесторлық виза» енгізу ұсынылады. Бұл виза Қазақстан аумағында тұруға, бизнесін тіркеуге, мүлікке иелік етуге, қызметкерлер жалдауға, қаржы төлемдерін жүргізуге және олардың кәсіпкерлік қызметінен туындайтын басқа да операцияларды еркін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Үшінші бағыт аясында біріншіден, елімізде тапшы болғандықтан сырттан жиі тартылатын мамандықтар бойынша шетелден 100 үздік маманды тарту көзделіп отыр. Мұндағы негізгі мақсат –  білім трансферті және осы кәсіптер бойынша өз мамандарымызды даярлау. Олардың Қазақстанда тұруына ықтиярхат беру мүмкіндігі қарастырылған «Бағалы дағдылар визасы» енгізіледі. Сонымен бірге «Құнды дағдылар рейтингі» жасалады.  Бұл  рейтингтегі тапшы кәсіптер мен мамандықтар тізімі үнемі жаңартылып отырады. Екіншіден, көрші елдерден келетін, соның ішінде тіркеусіз, бейресми арналар арқылы келіп жатқан еңбек мигранттарының қозғалысын есепке алуды күшейту көзделіп отыр», - деді министр.

Еңбек  мигранттарын тарту жеке тұлғалардың нақты сұранысына сай айқындалады. Сондай-ақ мигранттардың жұмыс орнына қатаң бақылау орнатылады.

Төртінші бағыт этникалық көші-қонды реттеуге бағытталған. Министр бұл орайда негізгі екі мәселеге көңіл аудару керектігін айтады.

«Біріншісі – шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуетін пайдалану. Осы мақсатта «Ата жолы» картасын (америкалық Грин картаға ұқсас) енгізу ұсынылады. Бұл құжат жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өздері тұратын елдерде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ықыласты қазақтарға берілетін болады. Мұндай азаматтар 10 жылдық жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік алады», - деді ведомство басшысы.

Тамара Дүйсенованың сөзіне сенсек, оларды тарихи Отанын дамытуға қосқан үлесі үшін жыл сайынғы «Парыз» байқауы аясында Президент сыйлығымен  марапаттау ұсынылып отыр. Ал екінші мәселе елге келетін қандастардың көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдірумен байланысты. Яғни, еліміздегі демографиялық және экономикалық үрдістерді ескере отырып, құжаттарды рәсімдеудің алғашқы кезеңінде қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануға қосымша ынталандыру ұсынылады.

Ал бесінші бағыт босқындармен жұмысқа қатысты. Бұл министрліктің қарауына берілген жаңа бағыт.

«Министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп, ұлттық заңнама нормаларын Біріккен ұлттар ұйымының стандарттарына сай имплементациялау бойынша ұсыныстар әзірлейтін болады. Қазіргі уақытта босқындардың мәртебесін тану функциясы ҚР ІІМ қарауынан жергілікті атқарушы органдарға берілді; Министрліктің БҰҰ-на қарасты босқындар Ісі Жөніндегі Жоғарғы Комиссарының басқармасымен бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды; Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерін босқындармен жұмыс бойынша оқытудың бірінші кезеңі өткізілді», - деп нақтылады министр Дүйсенова.

 

Алтыншы бағыт Қазақстан азаматтарының еңбек мигранты ретінде шетелге шығуына қатысты.

«Бұл – жаһандық тренд. Сондықтан, біз оған шектеу қоя алмаймыз және шектемеуіміз керек. Біздің міндетіміз – олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Осы мақсатта қазақстандық еңбек мигранттары барынша көп шоғырланған елдермен олардың құқықтарына кепілдік беретін мемлекетаралық келісімдер пакетін жасауды ұсынамыз. Осы келісімдерге сәйкес, Сыртқы істер министрлігінің шет елдердегі құрылымдары Қазақстан азаматтарының құқығын қорғайтын болады», -деп сендірді министр.

Тұжырымдаманың жетінші бағытында еңбек күшінің тапшылығы бар өңірлерге ішкі ұтқырлықты ынталандыру мәселесі айтылған.

«Ол үшін азаматтарды көшіп барған жерінде жұмыспен қамтамасыз ету және олардың баспаналы болуына мүмкіндік жасау керек. Жұмыс орындарын ашу бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылатын болады. Бірінші – жергілікті жұмыс берушілердің есебінен жаңа жұмыс орындарын құру; екінші – солтүстік өңірлерге еліміздің басқа аумақтарында  табысты іске асырылған жобаларды, сондай-ақ  Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту тәжірибесін трансферттеу және оның ауқымын кеңейту; үшінші – қандастар мен қоныс аударушыларды  гранттарды бере отырып оқытуды ұйымдастыру, кейін олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу; ал баспана мәселесін шешу үшін  тұрғын үй құнының 50% мөлшеріндегі шығындарын өтеуге мүмкіндік беретін экономикалық ұтқырлық сертификаттарын тапсыру (жұмыс беруші оларға арналған жұмыс орны бар екенін растаған жағдайда) көзделіп отыр», - деді Тамара Дүйсенова.

Бұдан бөлек, Көші-қон ағынын есепке алу үшін бірыңғай ақпараттық жүйе құру ұсынылады. Бұл шара азаматтардың мемлекеттік қызмет алуын жеңілдетеді, уақытын үнемдейді, мемлекеттік органдармен тікелей байланысын барынша азайтады.

Тұжырымдама көші-қон процестерін барынша тиімді реттеу үшін әзірленді. Құжатта демографиялық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени басымдықтардың барлығы ескертілген. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, тұжырымдамада ұсынылған іс-шаралар елдің көші-қон саясатын жақсартуға және осы салада оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«Тағы бір маңызды мәселе – ол  шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғау. Біздің отандастарымызға заңгерлік және консультациялық көмек көрсетілетін болады. Ол үшін қазақстандық азаматтар көп жұмыс істейтін елдермен екіжақты келісімдер жасалатын болады. Қай елде еңбек етсе де, біз өз азаматтарымызды қорғай алуымыз керек. Тұжырымдамада «бір терезе» қағидаты бойынша Мигранттардың қозғалысын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көзделген. Ол мигранттарды цифрлық сәйкестендіруге, қажет болған жағдайда     олардың жүріп-тұруын бақылауға мүмкіндік береді», - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, құжатта көрсетілген міндеттерді орындау үшін Премьер-министр бірқатар министрліктерге тапсырма берді. 

«Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тұжырымдамадағы бастамаларды заң жүзінде уақтылы бекітуді қамтамасыз етуі қажет. Ішкі істер министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, көші-қон процестерін автоматтандыру үшін ақпараттық жүйелерді дамыту шараларын     қабылдауы тиіс. Өңір әкімдіктері шетелдік мамандарды тарту үшін квота белгілеу кезінде сол өңірге ең қажетті кадрлардың келуін қамтамасыз етуі керек. Бұл ретте     олардың жұмысына бақылауды күшейту қажет», - деді ол.

 

Серіктес жаңалықтары